
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің атына қасиетті Ораза айт мерекесіне орай құттықтау жолдады
- Сізге және отандасыңызға қасиетті Ораза айтқа орай ыстық ықылас пен шынайы ниетке толы құттықтауымды жолдаймын.
Адамзатты рухани тазаруға және жан-жақты кемелденуге бастайтын осы мерекеде халықтарымыздың мерейі артып, бауырмалдығымыз бен ырысымыз еселене берсін.
Мүсылман үмбеті асыға күтіп, қимастықпен шығарып салатын осы үлық күндері Сізге, құрметті Шавкат Миромонович, зор денсаулық пен қажымас қайрат, сауапты да игілікті істеріңізге толағай табыс, мемлекетіңіздің әрбір шаңырағына баянды бақыт пен құт-береке тілеймін.
Орайлы сәтті пайдаланып, қасиетті Рамазан айының басталуына орай жолдаған құттықтауыңыз бен ізгі тілектеріңіз ушін алғысымды білдіремін. Алла Тағала ниетіміз бен игі амалдарымызды қабыл етіп, баршамызды Рамазаннан Рамазанға дейін айдан аман, жылдан есен жеткізе бергей! Айт мүбәрак болсын, – деп жазылған Қазақстан Президентінің құттықтауында.