
2026 жылғы 16–17 қыркүйекте Ташкент қаласында VI Халықаралық «Asia Grains & Oils Conference in Tashkent 2026» конференциясы өтті.
Конференцияның өткізілуі Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өзара сауда көлемін 2030 жылға қарай 10 млрд АҚШ долларына дейін жеткізу және екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту жөніндегі мемлекет басшыларының тапсырмаларын іске асырудағы кезекті практикалық қадам болды.
Қазақстан атынан еліміздің 11 өңірінен агробизнес пен салалық ұйымдардың 200-ден астам өкілі кірген ауқымды делегация қатысты. Олардың қатарында жеке өндірістік қуаттары бар 35-тен астам ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен агрохолдингтердің өкілдері болды.
Конференция барысында қазақстандық тарап Қазақстандағы майлы дақылдар нарығын 2026/2027 маусымында дамыту перспективаларын, отандық астық пен ұнның экспорттық әлеуетін, сондай-ақ өңірдің жемшөп базасын одан әрі дамыту мүмкіндіктерін таныстырды.
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы астық пен ұнның өзара саудасының қазіргі жағдайы мен даму перспективаларына, Қазақстан – Өзбекстан бағыты бойынша логистиканы жетілдіруге, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жүктерінің теңіз порттарына шығу мүмкіндіктерін кеңейтуге ерекше назар аударылды.
2026 жылғы қаңтар–маусым айларында Қазақстан Өзбекстанға 573,5 млн АҚШ доллары көлемінде бидай және 214,6 млн АҚШ доллары көлемінде күнбағыс майын экспорттады.
Конференция қорытындысы бойынша қазақстандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен өзбекстандық қайта өңдеушілер арасындағы тікелей өзара іс-қимылды кеңейту, майлы дақылдарды қайта өңдеу саласындағы бірлескен жобаларды пысықтау, сондай-ақ 2027 жылы өтетін конференцияда бірыңғай қазақстандық экспозиция ұйымдастыру жөнінде келісімдерге қол жеткізілді.
Мұндай іс-шараларды өткізу екі ел бизнес өкілдері арасындағы тікелей іскерлік байланыстарды нығайтуға, өзара сауда тауарларының номенклатурасын кеңейтуге және агроөнеркәсіптік саладағы бірлескен жобаларды іске асыруға ықпал етеді.