
Қазақстанның Өзбекстандағы Елшісі Ералы Тоғжанов Олий Мажлис Заң шығару палатасының Төрағасы Нуриддин Исмоиловпен кездесті. Тараптар стратегиялық әріптестікті нығайту және қол жеткізілген уағдаластықтарды қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.
Е.Тоғжанов Қазақстандағы Құрылтай сайлауы қарым-қатынастардың жаңа парағын ашатынын атап өтіп, парламентаралық ынтымақтастық тетіктерінің сабақтастығы жалғасатынына сенім білдірді.
Қазақстандық депутаттардың 6 қыркүйекте Самарқандтағы конференцияға қатысуы олардың алғашқы шетелдік сапары екендігіне тоқтала келе, бұл Өзбекстанның Қазақстан үшін сыртқы саяси басымдық екенін білдіретіні айтылды.
Өзара іс-қимылдың басым міндеттерінің қатарында парламентаралық ынтымақтастық кеңесінің жұмысын қайта жандандыру, комитеттер деңгейіндегі байланыстарды тереңдету және заң шығару тәжірибесімен алмасу бар екеніне назар аударылды. Сондай-ақ Елші Ташкенттің бастамасымен қабылданған БҰҰ Бас Ассамблеясының «Әлеуметтік дамуды нығайтудағы парламенттердің рөлін күшейту туралы» қарарының маңыздылығына тоқталды.
Келіссөздер барысында экономикалық жобаларды іс жүзінде жүзеге асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Е.Тоғжанов биыл шілдеде Ақтау қаласында Үкіметаралық комиссия аясында алғашқы отырысы өткен Өңірлер басшылары кеңесінің стратегиялық маңыздылығына тоқталды. Парламенттік бақылау мен Олий Мажлис қос палатасының синхронды қолдауы сауда-экономикалық ынтымақтастық нығайтатыны аталып өтті.
Кездесу соңында Елші парламентаралық байланыстарды дамытуға қосқан зор үлесі үшін Заң шығару палатасының Спикері Н.Исмоиловқа, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі комитеттің төрағасы У.Шерматовқа және Комитет төрағасының орынбасары Д.Файзиеваға «Қазақстан Республикасының Парламентіне 30 жыл» мерейтойлық медальдарын табыс етті.
Сұхбаттастар қазақ-өзбек ынтымақтастығын нығайтуға әзір екендіктерін білдірді.