2026 жылғы 11 сәуірде Қазақстан Президенті Қ.К. Тоқаевтың Бұхараға жұмыс сапары

2026 жылғы 11 сәуірде Қазақстан Президенті Қ.К. Тоқаевтың Бұхараға жұмыс сапары

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға жұмыс сапары

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Республикасына жұмыс сапарымен барды. Бұхара қаласының әуежайында Мемлекет басшысын Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев қарсы алды. Құрметті мейманға арналған салтанатты қарсы алу рәсімі өтіп, ұлттық әндер мен билер орындалды.

Сапар бағдарламасы Бұхарадағы Бахауддин Нақышбанди мемориалдық кешеніне барудан басталды. Мемлекеттер басшылары медресе, екі мешіт және мұнарадан тұратын кешенді аралап көрді. Зиярат барысында Құран аяттары оқылып, екі ел халықтарының бейбітшілігі мен өркендеуі үшін дұға жасалды. Президенттер сондай-ақ келушілермен әңгімелесіп, музей экспозициясымен танысты. Онда XIX ғасырдағы қолжазба Құран, тарихи құжаттар мен басқа да құнды жәдігерлер сақталған.

Бейресми кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады. Қазақстан Президенті елдер арасындағы стратегиялық әріптестіктің жоғары деңгейін атап өтіп, ешқандай қайшылықтар мен келіспеушіліктердің жоқ екенін және барлық уағдаластықтардың жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Сонымен қатар Бұхараның тарихи-мәдени маңызына ерекше назар аударылды.

Тараптар экономикалық серіктестікті одан әрі тереңдетуге бейілді екенін растады. Сауда, өнеркәсіп, көлік-транзит, су-энергетика, сирек кездесетін металдарды өндіру және өңдеу, сондай-ақ IT салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелері қаралды. Іскерлік ортаны қолдау мен кәсіпкерлік белсенділікті ынталандырудың маңызы атап өтілді. Келіссөздер қорытындысы бойынша сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі бірлескен Жол картасын әзірлеуге уағдаластыққа қол жеткізілді.

Экологиялық мәселелерге де ерекше назар аударылды. Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президентінің «Таза ауа» бастамасын қолдап, оны бірлесіп жүзеге асыруды ұсынды.

Сапар аясында Өзбекстан Президенті Қазақстан тарапына Қожа Ахмет Ясауи мен Рабия Сұлтан Бегім кесенелеріне қатысты 1920–1950 жылдардағы құнды архивтік материалдарды табыстады. Бұл құжаттардың көпшілігі бұрын ғылыми айналымға енгізілмеген.

Мемлекеттер басшылары Бұхара облысының Ахуалдық орталығының жұмысымен танысты. Орталық өңірдегі ахуалды тәулік бойы бақылап, төтенше жағдайларда қызметтердің іс-қимылын үйлестіреді.

Сондай-ақ президенттер жасанды интеллект бойынша ұлттық хакатонға қатысып, цифрлық технологиялар саласындағы жаңа әзірлемелермен танысты.

Бұдан бөлек, мемлекеттер басшылары MERGANTEKS мақта-тоқыма кластеріне барып, шикізатты өңдеуден бастап дайын өнім шығаруға дейінгі толық өндірістік циклмен танысты.

Сапар соңында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев Бұхараның тарихи орындарын, соның ішінде Арк қамалын, Ляби-хауз және Пои-Калян кешендерін аралап көрді.

Сапар қорытындысы бойынша Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық әріптестік пен одақтастықтың жоғары деңгейі тағы да расталды.