
2026 жылғы 14 сәуірде Орталық Азия халықаралық институтында Аралды құтқару халықаралық қоры құрылтайшы мемлекеттері басшыларының саммиті қарсаңында «Климаттың өзгеруі жағдайында Орталық Азиядағы су қауіпсіздігін қамтамасыз ету» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға Өзбекстанның жетекші сараптамалық орталықтарының өкілдері, халықаралық ұйымдар мен бейінді мемлекеттік органдар, сондай-ақ дипломатиялық корпус пен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Конференция барысында Аралды құтқару халықаралық қоры қызметінің тиімділігін арттыру, өңірлік өзара іс-қимылдың басымдықтарын айқындау, сондай-ақ Орталық Азиядағы су күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша мазмұнды пікір алмасу өтті.
Қазақстанның Өзбекстандағы Елшісі Бейбіт Атамқұлов өңір мемлекеттерінің су ресурстары саласындағы ынтымақтастығын дамытуға арналған сессияда сөз сөйледі.
Өз сөзінде дипломатиялық миссия басшысы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасын таныстырды. Аталған бастама су саласындағы қолданыстағы халықаралық тетіктерді біріктіруге бағытталған.
Б.Атамқұлов бұл құрылымды құру жаһандық деңгейде су ресурстарын басқару тиімділігін арттыруға, сондай-ақ су мәселелерімен бетпе-бет келген мемлекеттер үшін нақты практикалық нәтиже беруге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Сондай-ақ, өңірдің су стратегияларын үйлестіру және оларды Орталық Азиядағы су пайдалануға қатысты Негіздемелік конвенцияға кезең-кезеңімен енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бұл бастама Қазақстан Президентімен өткен жылдың қараша айында Ташкент қаласында өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Жетінші консультативтік кездесуінде ұсынылған болатын.
Талқылау қорытындысы бойынша қатысушылар белсенді пікір алмасып, су саласындағы ынтымақтастық перспективаларына қатысты түрлі көзқарастарын білдірді, сондай-ақ өңірлік өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіруге бағытталған нақты ұсыныстар қарастырылды.