
2026 жылғы 23-24 наурызда Ташкент қаласында «Италия – Орталық Азия – Әзербайжан» форумы «Тұрақты агроэкожүйелер үшін инновациялар, регенеративті ауыл шаруашылығы және цифрландыру» тақырыбында өтті. Қазақстан делегациясын Ауыл шаруашылығы Вице-министрі Ермек Кенжеханұлы басқарды.
Форумға қатысушылар аграрлық саладағы ынтымақтастықты тереңдету перспективаларын талқылады. Атап айтқанда, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру, инновациялық технологияларды енгізу, сондай-ақ су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелеріне назар аударылды. Сонымен қатар, өзара сауданы дамыту, бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру және өңірдің экспорттық әлеуетін кеңейтуге ерекше мән берілді.
Форум қорытындысы бойынша Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзербайжан және Италия делегацияларының басшылары бірлескен Коммюнике мен климаттың өзгеруіне төзімділік, азық-түлік қауіпсіздігі және тағам технологиялары салаларында Еуразиялық университет пен Зерттеу альянсын құру туралы Декларацияға қол қойды.
Іс-шара аясында ҚР Ауыл шаруашылығы Вице-министрі Е. Кенжеханұлы мен Өзбекстан Республикасының Ауыл шаруашылығы Министрі И. Абдурахмонов арасында кездесу өтті. Келіссөздер барысында тараптар ауыл шаруашылығы саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайын талқылады. Орталық Азиядағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы сауда айналымы 3,6 млрд. АҚШ долл. құраса, оның 2,2 млрд. АҚШ долл. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы саудаға тиесілі екені атап өтілді. Тараптар кооперация мәселелеріне, атап айтқанда, дәнді, бұршақ және майлы дақылдарды өңдеуге, сондай-ақ ет-сүт өнімдері өндірісін кеңейтуге ерекше назар аударды. Қол жеткізілген келісімдер Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтып, ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың негізін қалайды.
Сонымен қатар, қазақстандық делегация басшысының Италияның Ауыл шаруашылығы, азық-түлік егемендігі және орман шаруашылығы Министрі Ф. Лоллобриджидамен кездесуі өтті. Кездесу барысында аграрлық саладағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту, оның ішінде бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту және заманауи агротехнологияларды енгізу мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ, «SIMEST», «Diagram» және басқа да жетекші итальяндық компаниялардың өкілдерімен келіссөздер жүргізілді. Қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің (бидай, ет, балық) Италия нарығына экспортын ұлғайту және итальян капиталының қатысуымен бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру перспективалары қарастырылды. Технологиялар трансфертіне, өндірісті жергіліктендіруге және жоғары қосылған құны бар өнім өндіруге ерекше назар аударылды. Кездесу қорытындысы бойынша бастамаларды практикалық тұрғыда пысықтау және екіжақты өзара іс-қимылды жандандыру жөнінде келісімдерге қол жеткізілді.