
2026 жылғы 22 қаңтарда Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бейбіт Атамқұлов пен Өзбекстан Республикасы Олий Мажлисінің Заң шығару палатасының Спикері Нуриддин Исмоиловтың кездесуі өтті.
Кездесу барысында тараптар парламентаралық ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен оны одан әрі дамыту перспективаларын, сондай-ақ алдағы халықаралық іс-шаралардың күн тәртібін, соның ішінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен Өзбекстан Республикасы Олий Мажлисінің Заң шығару палатасы арасындағы Парламентаралық ынтымақтастық кеңесінің кезекті отырысын талқылады.
Сонымен қатар, Елші Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында елдің қоғамдық-саяси дамуын одан әрі ілгерілетуге бағытталған жаңа бастамаларды ұсынғаны жөніндегі негізгі қорытындылармен өзбек тарапын таныстырды. Сондай-ақ Мемлекет басшысының «Turkistan» газетіне берген жуырдағы сұхбатының негізгі тезистерін жеткізді.
Б.Атамқұлов конституциялық реформаларға, оның ішінде бірпалаталы парламентті құруға, «Халық кеңесі» институтын енгізуге және Қазақстан Республикасының Вице-президенті лауазымын қалыптастыруға ерекше назар аударды.
Өзбекстан Республикасы Олий Мажлисінде жүргізілген салыстырмалы түрде жуырдағы реформаларды ескере отырып, дипломатиялық миссияның басшысы өзбек парламентарийлерін Қазақстан Елшілігінде өтетін, Ұлттық құрылтай отырысының қорытындыларына арналған алдағы дөңгелек үстелге қатысуға шақырды.
Н.Исмоилов Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдағы баяндамасын жоғары бағалап, ұсынылған бастамалардың өзектілігін атап өтті. Заң шығару палатасының Спикері Өзбекстанда Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларды үлкен қызығушылықпен бақылап отырғандарын айтып, депутаттардың дөңгелек үстелге қатысуға дайын екенін білдірді.
Кездесу соңында тараптар қазақстандық-өзбекстандық парламентаралық қатынастарды нығайту мақсатында одан әрі ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендіктерін растады.