2025 жылғы 4 шілде, Ташкент — Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Елшісі Бейбіт Атамқұлов Өзбекстан техникалық реттеу агенттігінің директоры Акмал Жуманазаровпен кездесті.
Кездесу барысында тараптар стандарттау және техникалық реттеу саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады. Әсіресе ұлттық стандарттарды үйлестіру, өнім мен қызмет сапасын сәйкестікке бағалау саласында тәжірибе алмасу, тиісті ұйымдар арасындағы тікелей байланыстарды орнату, мамандармен алмасу және кадрлардың біліктілігін арттыру мәселелеріне баса назар аударылды.
Сондай-ақ, 2030 жылға қарай өзара сауда көлемін 10 млрд АҚШ долларына дейін арттыру бағдарламасының маңыздылығы ерекше атап өтілді. Тараптар бұл мақсатқа қол жеткізу техникалық реттеу, стандарттау және сәйкестікті бағалау жүйелерін дамытуға тікелей байланысты екенін және бұл бизнеске техникалық кедергілерді азайтуға, өнім сапасын арттыруға және екі ел арасындағы сауда мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал ететінін жеткізді.
Кездесу қорытындысы бойынша ынтымақтастықты кеңейтуге өзара мүдделілік расталып, Қазақстан-Өзбекстан әріптестігін нығайтуға бағытталған нақты іс-шараларды әзірлеу мақсатында диалогты жалғастыру туралы келісімге қол жеткізілді.