2024 жылғы 26 қыркүйекте Ташкент қаласындағы Дүниежүзілік экономика және дипломатия университетінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы елдердің талдау орталықтары халықаралық конференциясы «Ұзақ мерзімді ынтымақтастық үшін жаңа күн тәртібі» тақырыбында өтті.
Конференцияның басты мақсаты – ТМД елдеріндегі процестерді терең талдау, перспективалар мен іске асырылмаған мүмкіндіктерді зерттеу, сондай-ақ тұрақты дамуға төнетін ықтимал қауіптерді бірлесіп бағалау.
Конференцияға ТМД елдерінің сыртқы саясат институттарының жетекшілері мен сарапшылары, сондай-ақ дипломатиялық корпус өкілдері қатысты.
Қазақстан тарапынан Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Бейбіт Атамқұлов, Сыртқы саяси зерттеулер институты төрағасының орынбасары Амангелді Таженов және Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас сарапшысы Әлия Мұсабекова қатысып, өзекті тақырыптар бойынша мазмұнды баяндамалар жасады.
Конференцияның басты оқиғаларының бірі Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі жанындағы Сыртқы саяси зерттеулер институты мен Өзбекстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Сыртқы саяси зерттеулер орталығы арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылуы болды.
Соңғы жылдары геосаяси жағдайдың қарқынды өзгеруі аясында талдау орталықтарының маңызы айтарлықтай арта түскенін атап өткен жөн. Бүгінде бұл ұйымдар стратегияларды әзірлеуде, жаһандық үрдістерді талдауда және жаңа сын-тегеуріндерге бейімделу үшін шешімдер ұсынуда маңызды рөл атқарады.
Осы орайда, осындай орталықтардың бірлескен жұмысы сараптамалық білімді біріктіруге, озық аналитикалық әдістермен алмасуға және үкіметтер үшін кешенді ұсынымдар әзірлеуге мүмкіндік береді.