Таллинн, 2025 жылғы 24 қаңтар - Қазақстан Республикасының Көлік министрі Марат Қарабаев пен Эстония Республикасының Сыртқы істер министрі Маргус Цахкнаның тең төрағалығымен Экономикалық, ғылыми және техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Эстония үкіметаралық комиссиясының (ҮАК) 7-отырысы өтті.
Іс-шара аясында көлік және логистика, білім беру және цифрландыру мәселелері бойынша үш жұмыс тобының отырыстары өтті.
Тараптар ҮАК өткен қызметінің нәтижелерін (2019 жылы Астанада, Қазақстанда өткізілген) қарады, сондай-ақ ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқылады. Аталған жұмыс топтары шеңберінде өзара іс-қимылды одан әрі дамыту бойынша есептер тыңдалып, ұсыныстар берілді.
Өз сөзінде М. Қарабаев елдер арасындағы көлік-логистикалық әлеуетті арттырудың, сондай-ақ қазақстандық экспортты ілгерілету үшін эстондық теңіз инфрақұрылымын пайдаланудың маңыздылығын атап өтті.
«Статистикалық деректер жүк транзитіне нақты өзара қызығушылықты растайды. Мәселен, 2023 жылдың қорытындысы бойынша Эстониядан ҚР аумағы арқылы автокөлікпен транзиттік тасымалдау көлемі 7,5 есе өсіп,1,3 мың тоннаны құрады», - деп атап өтті министр.
Өз кезегінде М.Цахкна Қазақстанның өңірде бизнес жүргізу үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі күш-жігерін жоғары бағалады және эстон тарапының көлік және логистика, білім беру, цифрландыру, ауыл шаруашылығы және жасыл энергетика сияқты секторларда ынтымақтастықты одан әрі арттыруға мүдделілігін растады.
Сонымен қатар Эстония сауда-өнеркәсіп палатасы екі елден 70-тен астам компанияны біріктірген қазақстандық бизнес үшін арнайы іс-шара ұйымдастырды. Бизнес өкілдері өз компанияларын таныстыруға және іскерлік байланыстар орнатуға мүмкіндік алды.
Іс-шара қорытындысы бойынша ҮАК 7-отырысының хаттамасына қол қойылды, онда тараптар екіжақты ынтымақтастықтың барлық бағыттары бойынша диалогты нығайтуды жалғастыруға уағдаласты.
ҮАК-тың келесі 8-отырысы 2026 жылы Астана қаласында жоспарланған.