Меню

Страницы

Статья

Абай өлеңдері

Жаз

Жаздыгүн шілде болғанда,
Көкорай шалғын, бәйшешек,
Ұзарып өсіп толғанда;
Күркіреп жатқан өзенге,
Көшіп ауыл қонғанда;
Шұрқырап жатқан жылқының
Шалғыннан жоны қылтылдап,
Ат, айғырлар, биелер

Бүйірі шығып, ыңқылдап,
Суда тұрып шыбындап,
Кұйрығымен шылпылдап,
Арасында кұлын-тай
Айнала шауып бұлтылдап.
Жоғары-төмен үйрек, қаз

Ұшып тұрса сымпылдап.
Қыз-келіншек үй тігер,
Бұрала басып былқылдап,
Ақ білегін сыбанып,

Әзілдесіп сыңқылдап.
Мал ішінен айналып,
Көңілі жақсы жайланып,
Бай да келер ауылға,

Аяңшылы жылпылдап;
Сабадан қымыз құйдырып,

Ортасына қойдырып,
Жасы үлкендер бір бөлек
Кеңесіп, күліп сылқылдап.
Жалшы алдаған жас бала,

Жағалайды шешесін
Ет әпер деп қыңқылдап.
Көлеңке қылып басына,
Кілем төсеп астына,

Салтанатты байлардың
Самаурыны бұрқылдап.
Білімділер сөз айтса,
Бәйгі атындай аңқылдап,

Өзгелер басын изейді,
Әрине деп мақұлдап.
Ақ көйлекті, таяқты
Ақсақал шығар бір шеттен

Малыңды әрі қайтар деп,
Малшыларға қаңқылдап.
Бай байғұсым десін деп,
Шақырып қымыз берсін деп,

Жарамсақсып, жалпылдап.
Шапандарын белсенген,
Асау мініп теңселген
Жылқышылар кеп тұрса,

Таңертеңнен салпылдап.
Мылтық атқан, құс салған
Жас бозбала бір бөлек
Су жағалап қутыңдап.
Қайырып салған көк құсы

Көтеріле бергенде,
Қаз сыпырса жарқылдап.
Өткен күннің бәрі ұмыт,
Қолдан келер қайрат жок,
Бағанағы байғұс шал

Ауылда тұрып күледі,
Қошемет қылып қарқылдап.

 

Күз

Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан,
Күз болып, дымқыл тұман жерді басқан.
Білмеймін тойғаны ма, тоңғаны ма,
Жылқы ойнап, бие қашқан, тай жарысқан.
Жасыл шөп, бәйшешек жоқ бұрынғыдай,
Жастар күлмес, жүгірмес бала шулай.

Қайыршы шал-кемпірдей түсі кетіп,
Жапырағынан айрылған ағаш, қурай.
Біреу малма сапсиды, салып иін,
Салбыраңқы тартыпты жыртық киім.
Енесіне иіртіп шуда жібін,
Жас қатындар жыртылған жамайды үйін.
Қаз, тырна қатарланып қайтса бермен,
Астында ақ шомшы жүр, ол бір керуен.
Қай ауылды көрсең де, жабырқаңқы,
Күлкі-ойын көрінбейді, сейіл-серуен.

Кемпір-шал құржаң қағып, бала бүрсең,
Көңілсіз қара суық қырда жүрсең.
Кемік сүйек, сорпа-су тимеген соң,
Үйде ит жоқ, тышқан аулап, қайда көрсең.
Күзеу тозған, оты жоқ елдің маңы,
Тұман болар, жел соқса, шаң-тозаңы.
От жақпаған үйінің сұры қашып,
Ыстан қорыққан қазақтың құрысын заңы.

Қыс

Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,
Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды.
Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,
Басқан жері сықырлап, келіп қалды.
Дем алысы – үскірік, аяз бен қар,
Кәрі құдаң – қыс келіп, әлек салды.
Ұшпадай бөркін киген оқшырайтып,
Аязбенен қызарып ажарланды.
Бұлттай қасы жауып екі көзін,
Басын сіліксе, қар жауып, мазаңды алды.
Борандай бұрқ-сарқ етіп долданғанда,
Алты қанат ақ орда үй шайқалды.
Әуес көріп жүгірген жас балалар,
Беті-қолы домбығып, үсік шалды.
Шидем мен тон қабаттап киген малшы
Бет қарауға шыдамай теріс айналды.
Қар тепкенге қажымыс қайран жылқы
Титығы құруына аз-ақ қалды.
Қыспен бірге тұмсығын салды қасқыр,
Малшыларым, қор қылма итке малды.
Соныға малды жайып, күзетіңдер,
Ұйқы өлтірмес, қайрат қыл, бұз қамалды!
Ит жегенше Қондыбай, Қанай жесін,
Құр жібер мына антұрған кәрі шалды.

 

Жазғытұры

Жазғытұры калмайды қыстың сызы,  
Масатыдай құлпырар жердің жүзі. 
Жан-жануар, адамзат анталаса, 
Ата-анадай елжірер күннің көзі.

Жаздың көркі енеді жыл кұсымен, 
Жайрандасып жас күлер құрбысымен. 
Көрден жаңа түрғандай кемпір мен шал, 
Жалбандасар өзінің тұрғысымен.

Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,
  Күлімдесіп, көрісіп, кұшақтасып.
Шаруа куған жастардың мойыны босап, 
Сыбырласып, сырласып, мауқын басып.

Түйе боздап, қой қоздап - қора да шу, 
Көбелекпен, құспенен сай да ду-ду.
Гүл мен ағаш майысып карағанда, 
Сыбдыр кағып, бұраңцап ағады су.

Көл жағалай мамырлап қу менен қаз, 
Жұмыртка іздеп, жүгіріп балалар мәз. 
Ұшқыр атпен зырлатып тастағанда, 
Жарқ-жұрқ етіп ілінер көк дауыл баз. 
Құс катарлап байлаған канжығаға 
Қыз бұрандап жабысып, қылады наз.

Жазға жақсы киінер кыз-келіншек, 
Жер жүзіне өң берер гүл-бәйшешек. 
Қырда торғай сайраса, сайда бұлбұл, 
Тастағы үнін қосар байғыз, көкек.

Жаңа пұлмен жамырап саудагерлер, 
Диханшылар жер жыртып, егін егер.
 Шаруаның бір малы екеу болып, 
Жаңа төлмен көбейіп, дәулет өнер.

Безендіріп жер жүзін тәңірім шебер, 
Мейірбандық дүниеге нұрын төгер. 
Анамыздай жер иігі емізгенде,
Бейне әкеңдей үстіңе аспан төнер.

Жаз жіберіп, жан берген қара жерге 
Рахметіне алланың көңіл сенер.
Мал семірер, ақ пенен ас көбейер, 
Адамзаттың көңілі өсіп көтерілер.

Қара тастан басқаның бәрі жадырап, 
Бір сараңнан басқаның пейілі енер. 
Тамашалап карасаң тәңірі ісіне, 
Бойың балқып, ериді іште жігер.

Кемпір-шал шуақ іздеп, бала шулар, 
Мал мазатсып, қуанып, аунап-қунар. 
Жыршы құстар әуеде өлең айтып, 
Қиқу салар көлдегі қаз бен қулар.

Күн жоқта кісімсінер жұлдыз бен ай, 
Ол қайтсін кара түнде жарқылдамай. 
Таң атқан соң шығарын күннің біліп, 
Өңі кашып, бола алмас бұрынғыдай.

Дата публикации
28 мая 2020
Дата обновления
28 мая 2020
Тип
Ақпарат

Сейчас читают

Ақпарат
24 августа 2024
"Шетелде Қазақстан Республикасының мүдделерін білдіру" бағдарламасы бойынша қаржылық көмек көрсету
Ақпарат
23 августа 2024
Қазақстан Республикасынан құжаттарды талап ету
Ақпарат
23 августа 2024
Нотариаттық іс-әрекеттер жасау

Социальные медиа

Меню подвал

Экран дикторы
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Мемлекеттік рәміздері
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты
Терминдер мен қысқартулар
Тұрақты даму мақсаттары
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы