Страсбург, 2025 жылғы 9 мамыр – Қазақстан Республикасының Бас консулдығы Ұлы Отан соғысы кезінде Францияда қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің рухына тағзым етіп, кеңес өкіметінің жауынгерлері жерленген орынға гүл шоқтарын қою салтанатты рәсіміне қатысты.
Страсбург қаласындағы Ресейдің Бас консулдығы ұйымдастырған бұл шара Оңтүстік қалалық зиратта өтті. Оған дипломатиялық корпус өкілдері, қала әкімшілігінің ресми тұлғалары, мемориал басшылығы және Францияның бостандығы үшін күрескен жауынгерлердің ерлігінің маңыздылығын атап өткен жергілікті белсенді тұрғындар қатысты.
Атап өткен жайт, Жеңістің 80-жылдық мерейтойы қарсаңында Францияның Үлкен Шығыс өңіріне белгілі қазақстандық зерттеуші, тарихшы, профессор Г.Мендіқұлова жұмыс сапармен келіп, жергілікті билік, архив және қоғамдық ұйымдар өкілдерімен Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі Үлкен Шығыс өңірінде қаза тапқан кеңес одағының қазақстандық жауынгерлері жерленген орындарын анықтау жұмыстары жүргізді.
1971 жылы Валлеруа коммунасының зиратында (Мёрт және Мозель департаменті) орнатылған Кеңес жауынгерлеріне арналған мемориал аумағында қазақстандық жауынгерлері – Зейнолла Әлімғазиев, Қоныспек Жақиянов, Мысахан (Нишан) Тұрғамбаев және Исин (Есен) Жұмағұлов жерленгендері белгілі. Олар 2018 жылы профессор Г.Меңдіқұлованың еңбегінің арқасында ҚР Франциядағы Елшілігінің қолдауымен табылғаны мәлім. Кейінірек қазақ жауынгерлері – Шығыс Қазақстан облысынан Николай Михайлович Щеглов пен Солтүстік Қазақстан облысынан Александр Иванович Кособковтың жерленгендері анықталды.