Страсбург, 2025 жылғы 9-10 сәуір – ҚР Конституциялық Сотының Төрайымы Э.Азимова және ҚР Парламенті Сенатының Төраға орынбасары О.Перепечина Еуропа Кеңесінің (ЕК) штаб-пәтеріне жұмыс іссапарымен барды.
Іссапар аясында қазақстандық делегация ЕК Бас хатшысы А.Берсе, ЕК Адам құқықтары жөніндегі комиссары М.О’Флаэрти, Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясы (ЕКПА) Президенті Т.Русопулос, ЕКПА-ның "Еуропалық консерваторлар, патриоттар және одақтастары" саяси фракциясының Төрағасы, Қазақстан бойынша баяндамашы Ж.Немет, Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық сотының судьясы А.Арутюнян, Венеция комиссиясы хатшысының орынбасары Д.Фрейманн және Страсбург сотының төрағасы Ф.Бабомен кездесті.
А.Берсемен кездесуде Қазақстан мен Еуропа Кеңесінің екіжақты ынтымақтастығын одан әрі дамыту мәселелері қарастырылды. Еуропалық ұйымның басшысы Қазақстандағы демократиялық процестер, конституциялық реформалар мен Парламент қызметі туралы жан-жақты ақпарат алды.
Өз кезегінде ЕК Бас хатшысы А.Берсе Қазақстанды ұйымның маңызды серіктесі ретінде атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан мен Еуропа Кеңесін адам құқықтарын нығайтуға деген ортақ ұмтылыс біріктіреді. Ол Қазақстанның ұйым шеңберіндегі түрлі бастамаларға, соның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске белсенді қатысуын жоғары бағалады. А.Берсе Еуропа Кеңесінің түрлі бағыттары бойынша бірлескен жұмысты жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.
Қазақстан делегациясы Адам құқықтары жөніндегі Комиссарға Президент Қ.Тоқаевтың елдің саяси және әлеуметтік-экономикалық жүйесін түбегейлі өзгертуге бағытталған бастамалары туралы ақпарат берді. Қазақстандағы реформалар халық сұранысымен байланысты екені және мемлекет қоғаммен ашық диалог орнатуға және адам құқықтарын сақтау тұрғысынан азаматтардың сұраныстарына жедел әрекет етуге ерекше көңіл бөлетіні айтылды.
М.О’Флаэрти Қазақстандағы реформалардың оң нәтижелерін, өлім жазасының жойылуын ризашылықпен атап өтті. Ол билікті орталықсыздандыру процесінің маңыздылығын және Конституциялық соттың ұлттық құқық қорғау жүйесіндегі рөлін ерекше атап өтті. Мемлекеттің әлеуметтік осал топтарды қолдау жөніндегі бастамаларын қолдайтынын білдірді.
ЕКПА Президентімен кездесуде парламентаралық ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Парламенттік дипломатияның тікелей байланыстар орнатуда және маңызды мәселелерді шешуде маңызды рөл атқаратыны айтылды. Т.Русопулосқа ҚР Парламентінің реформаларды жүзеге асыру, заңнаманы жетілдіру және құқық үстемдігін нығайту бағытындағы заң шығару қызметі туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар, ЕКПА Президентіне Қазақстанда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі туралы айтылды.
ЕКПА-дағы саяси фракция төрағасы Ж.Неметпен кездесуде Қазақстандағы адам құқықтарын қорғау жағдайы талқыланды. Еуропалық депутат адам құқықтары саласындағы реформаларды іске асырудың маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуға қолдау білдірді. Бұл контексте көршілестік саясаты шеңберінде Қазақстанмен ынтымақтастықтың басымдықтарын іске асыруға ерекше көңіл бөлінеді.
Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық сотта Қазақстандағы реформалар туралы егжей-тегжейлі әңгіме өтті. Судья А.Арутюнянға Конституциялық соттың қызметі және реформалар туралы жан-жақты ақпарат берілді. Конституциялық бақылаудың рөлі мен оны іске асыру тетіктері бойынша сындарлы пікір алмасу болды.
Венециялық комиссияда өткен кездесуде одан әрі ынтымақтастықтың практикалық қадамдары қарастырылып, өзара іс-қимылдың басым бағыттары белгіленді.
Қазақстанда Конституциялық соттың құрылуына байланысты реформалар Страсбург сотының Төрағасы Ф.Бабомен кездесу барысында талқыланды. Екі тарап өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға ұмтылысын растады.