Еуропа Кеңесінде Қазақстандағы реформаларға арналған дөңгелек үстел өтті

Еуропа Кеңесінде Қазақстандағы реформаларға арналған дөңгелек үстел өтті

Страсбург, 2025 жылғы 10 сәуір – Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясының (ЕКПА) көктемгі сессиясы аясында Қазақстандағы демократиялық өзгерістерді іске асыруға арналған «Демократиялық реформалар – тұрақтылық пен өркендеудің негізі» атты дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрайымы Э.Әзімова, ҚР Сенаты Төрағасының орынбасары О.Перепечина, ЕКПА саяси тобының Төрағасы Ж.Немет, Венеция Комиссиясы хатшылығының директоры С.Гранат-Менгини, GRECO Атқарушы хатшысы Л.Стойка, Еуропа Кеңесі бағдарламаларын үйлестіру Директорат бөлімінің басшысы Ш.Дюрр, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері және халықаралық зерттеу орталықтарының сарапшылары қатысты.

Э.Әзімова өз сөзінде Конституцияның үстемдігін нығайту үдерісін, конституциялық бақылау институтының дамуын және Қазақстандағы адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы сот билігінің рөлін атап өтті.

Іс-шараға қатысушылары Президент Қ.Тоқаевтың Қазақстанның саяси жүйесін жаңғыртуға, ұлттық құқық қорғау тетіктерін күшейтуге, мемлекеттік басқару жүйесінің жауапкершілігін арттыруға бағытталған бастамаларының іске асырылу барысын талқылады.

Сонымен қатар, адам құқықтарының күн тәртібіне, сот жүйесінің тәуелсіздігін қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатқа және демократиялық құндылықтарды ілгерілету саласындағы халықаралық ынтымақтастыққа назар аударылды.

Жүргізілген реформалардың нәтижесінде айтарлықтай оң өзгерістер орын алғаны атап өтілді.

Еуропа Кеңесінің өкілдері Қазақстанмен өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға дайын екендіктерін растады және елдің құқық қорғау тәжірибелерін жетілдіру, адам құқықтары мен заң үстемдігін нығайту саласындағы ілгерілеуін ерекше атап өтті.