Страсбург, 2025 жылғы 7-8 сәуір – НАУРЫЗНАМА-2025 арналған іс-шаралар аясында, ҚР Бас консулдығы Алматы облысы әкімдігі мен Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясының кезекті сессиясы шеңберінде Еуропадағы ең көне ұйым – Еуропа Кеңесінің штаб-пәтерінде «Қазақ бұрышын» ұйымдастырды. Іс-шараның салтанатты ашылу рәсіміне қазақ диаспорасы мен студенттер, ЕКПА мүше елдердің делегациялары, дипломатиялық корпус, Еуропа Кеңесі хатшылығы мен Үлкен Шығыс өңірінің ресми өкілдері қатысты.
Страсбургқа Қазақстаннан келген делегация арнайы стенд ұйымдастыру арқылы еліміздің мәдениетін, дәстүрі мен туристік әлеуетін таныстырған бірегей мәдени кеңістігін қалыптастырды. Онда фото және бейнематериалдар көрсетіліп, кітаптар мен брошюралар, сувенирлер мен ұлттық нақыштағы бұйымдар, қазақтың ұлттық киімдері мен тағамдары ұсынылды.
Өз құттықтау сөзінде Бас консул А.Бақытбекқызы француз ұйымдастырушыларына және Қазақстан делегациясына еліміздің мәдениетін таныстыруға мүмкіндік бергені үшін алғыс білдіріп, «Қазақ бұрышын» ұйымдастыру бастамасы 2024 ж. күзінде Мемлекет басшысының Францияға мемлекеттік сапары қарсаңында Алматы облысы мен Эльзас Еуропалық Қоғамдастығы арасында орнатылған ынтымақтастықтың арқасында екенін атап өтті.
Сондай-ақ, тараптардың бірлескен жұмысы туризм, инвестиция және мәдени әртүрлілік салаларындағы Қазақстан мен Эльзас арасындағы өзара тиімді өңіраралық әріптестікті дамытуға бағытталғаны айтылды. Қазақстанның туризмді дамытудағы басым бағытын ескере отырып, бәсекеге қабілетті инфрақұрылымға инвестиция салып, шетелдік келушілер үшін қолайлы жағдай жасап отырғаны да ерекше атап өтілді. Іс-шараға қатысушыларға Қазақстанда Neo Nomad визасы енгізілгені және бұл саяхаттау, оқу және жұмысқа орналасуға мүмкіндік беретіні туралы хабарланды.
Сонымен қатар, биыл өз 30-жылдық мерейтойын атап өтер, барлық этностардың мүдделерін нығайтуға және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қамтамасыз етуге арналған Қазақстанның саяси жүйесінің бірегей институты және маңызды элементі болып табылатын Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдеріне ерекше алғыс айтылды.
Өз кезегінде Алматы облысы Туризм басқармасы Туристік ақпарат орталығы директорының орынбасары А.Қожахметов қонақтардың назарын Алматы облысы 130-дан астам ұлт өкілдерінің мекені болып табылатын мәдени әралуандығымен ерекшеленетініне аударды.
ҚР өңірінде Эльзасқа ұқсас көркем ландшафттар, жүзімдіктер, табиғи саябақтар мен тарихи орындар, соның ішінде таулар, каньондар, көлдер мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бар екені атап өтілді. Өңірдегі «Іле-Алатау», «Көлсай» және «Шарын» мемлекеттік ұлттық табиғи парктері сияқты табиғи нысандар туристер арасында «Қазақстанның інжу-маржаны» атанған өңірдің мақтанышы.
Іс-шара барысында отандас Е.Дүкеннің домбырада қазақтың «Көроғлы» күйін орындауы стенд қонақтарының ұлттық өнерге, мәдениетке, салт-дәстүрге деген үлкен қызығушылығын тудырды. Еуропа жұртшылығы, сондай-ақ қазақ диаспорасының өкілдері мен студенттер көптеген жағымды әсерлерімен бөлісті.
Сондай-ақ Алматы облысының туризм басқармасының өкілдері ҚР Бас консулдығының ұйымдастыруымен француздық серіктестермен кездесулер мен келіссөздер жүргізді. Туризм индустриясының трендтері және туроператорлар мен мамандандырылған мекемелер арасындағы ынтымақтастық перспективалары Эльзас Еуропалық Қоғамдастығының Туризм департаментінің директоры М.Левимен және Аумақтық бөлімшенің басшысы П.Шниттермен талқыланып, саяхатшылар үшін бірлескен туристік маршруттарды ұйымдастыру бойынша ұсыныстар айтылды. Әріптестер туроператорлардың тізімдерімен алмасуға, сондай-ақ өз аймақтарында ұйымдастырылатын маңызды іс-шараларға қатысуға дайындығын білдірді.