Қазақстанның Бас консулы су мәселелеріне назар аударды

Қазақстанның Бас консулы су мәселелеріне назар аударды

Страсбург, 2025 жылғы 25 наурыз – Қазақстан Республикасының Бас консулы А.Бақытбекқызы Эльзас Еуропалық Қауымдастығы (ЭЕҚ) алаңында ұйымдастырылған «Жоғарғы Рейн өзені – 2025» халықаралық конференциясына қатысты. Іс-шараға Франция, Германия және Швейцариядан су ресурстарын басқару саласындағы жетекші сарапшылар жиналып, сумен жабдықтау, экология және климаттың ғаламдық өзгерістері жағдайында су ресурстарын ұтымды пайдалану мәселелерін талқылады.

Конференцияның ашылу рәсімінде қатысушыларға EЭҚ президенті Ф.Берри, конференция президенті К.Крамер және конференция кеңесінің төрағасы Б.Метенлейтер сөз сөйледі.

Пікірталас алаңдары аясында Бас консул А.Бақытбекқызы «Климаттың өзгеруі Қазақстанның ауыл шаруашылығына, су және табиғи ресурстарына әсері» тақырыбында баяндама жасап, Батыс сарапшыларына Қазақстандағы су мәселесі туралы ақпарат берді. Ол Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі мемлекет ретінде су саласында, әсіресе, ауыл шаруашылығында айтарлықтай қиындықтарға тап болатынын атап өтті, себебі бұл салада су азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты ресурсы болып табылады.

2024 жылы Қазақстанда орын алған ірі су тасқындары аясында ғаламдық су қауіптерінің өзектілігін атап өткен дипломат, ел үкіметі тарапынан қолға алынған алдын алу шаралары туралы айтып, трансшекаралық және халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығына ерекше тоқталды.

Қазақстанның «су дипломатиясына» қосқан үлесі мен ерекше назарын атап өткен А.Бақытбекқызы сарапшылардың назарын Қазақстанның су мәселелерін шешуге бағытталған бастамаларына аударды. Атап айтқанда, Эр-Риядта өткен One Water Summit саммитінің қорытындылары, Қазақстан мен ЕО елдерінің тығыз ынтымақтастығы, 2026 жылы Астанада өтетін Өңірлік климаттық саммит, Алматы қаласында Орталық Азия мен Ауғанстан елдеріне арналған БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі Өңірлік орталығын құру бастамасы және Аралды құтқару халықаралық қорының 2024-2026 жылдардағы төрағалығы кезіндегі басым бағыттар туралы айтты.

Еуропалық сарапшылар Арал теңізінің тартылуы салдарынан туындаған экологиялық апатқа ерекше назар аударды. Қазақстан бұл экожүйені қалпына келтіруге бағытталған халықаралық жобаларды белсенді жүзеге асырып, инновациялық шешімдерді енгізу жұмыстарын жалғастырып жатқаны атап өтілді.

Конференцияның қорытынды бөлімінде қатысушылар мен ЭЕҚ әкімшілігі Қазақстан Республикасының Бас консулдығына Арал мәселесіне арналған фотокөрмені ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді. Бұл көрме экологиялық апаттың ауқымын айқын көрсетіп, қатысушыларға маңызды ой салды.

Конференцияны ұйымдастыру комитетінің атынан ЭЕҚ қоршаған орта департаментінің директоры Ж.Ришард Қазақстанның осы конференцияға алғаш рет қатысуы тәжірибе алмасу мен жаңа байланыстар орнатуда маңызды қадам болғанын атап өтті. Осыған байланысты тараптар болашақта Қазақстан мен ЕО елдерінде өтетін пікірталас алаңдарында салалық сарапшылармен алмасу мүмкіндігін қарастыруға дайын екендіктерін білдірді.