Профессор Г.Мендіқұлова Францияның Үлкен Шығыс өңіріндегі қазақстандық жауынгерлер жерленген орындарға барды

Профессор Г.Мендіқұлова Францияның Үлкен Шығыс өңіріндегі қазақстандық жауынгерлер жерленген орындарға барды
Сарргемин, Форбах, Метц, 2025 жылғы 19-20 наурыз – белгілі қазақстандық зерттеуші, тарихшы, профессор Гүлнар Мендіқұлованың Францияның Үлкен Шығыс өңіріне жұмыс сапары аясында ҚР Страсбургтағы Бас консулдығы жергілікті билік, архив және қоғамдық ұйымдар өкілдерімен Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі Үлкен Шығыс өңірінде қаза тапқан кеңес одағының қазақстандық жауынгерлері жерленген орындарын анықтау мақсатында бірқатар кездесулер мен келіссөздер ұйымдастырды.

Сарргемин қаласының әкімдігі мен Форбах қаласындағы Souvenir Français патриоттар қауымдастығы өкілдерімен өткен кездесулер барысында француз тарапы ұсынған тарихи мұрағат құжаттары зерттелді.

Профессор Г.Мендіқұлова сонымен қатар Bains Saint Jean әскери тұтқындар лагеріне және Метц қаласының департаменттік архивтеріне барып, Қазақ КСР-інен шыққан әскери тұтқындар – Василий Бабков, Мұхамед Рахимов, Садуакас Морсабаев және басқалар туралы мәліметтер қамтылған құжаттарды тапты.

Бұдан бөлек, Метц қаласындағы Соғыс жауынгерлері мен құрбандар ұлттық басқармасының өкілдерімен кездесу өтті. Келіссөздер барысында қазақ әскери тұтқындарының тағдырын зерттеу бойынша одан әрі ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Француз әріптестер Е.Португаль және тарихшы, публицист-ғалым Ф.Вильмут қазақстандық тараппен бірлескен жұмысты жалғастыруға, сондай-ақ жерлеу орындарын іздеу, дерекқор жүйесін қалыптастыру бойынша тәжірибе және ақпарат алмасуға дайындықтарын білдірді.

Тараптар атқарылып жатқан жұмыстың тарихи жадыны сақтау және Екінші дүниежүзілік соғыста қатысқан қазақстандықтардың ерлігін мәңгі есте қалдырудың маңыздылығын атап өтті. Атқарылған жұмыс Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80-жылдығы қарсаңында ерекше символдық мәнге ие.