
2025 жылғы 2 қаңтар – «Жібек жолы» туристік пойызы екінші рейсін бастады, ал бұл жолғы теміржол сапарының географиясы кеңейді. Бағдарға Қазақстандағы Шымкент және Өзбекстандағы Самарқанд қалалары қосылды.
«Алматы–Түркістан–Ташкент–Самарқанд–Шымкент–Алматы» бағыты бойынша «Жібек жолы» туристік пойызы кезекті сапарына аттанды. Турдың ұзақтығы бес күнді құрайды – 2025 жылдың 2-7 қаңтары аралығы. Пойыз жолаушыларының саны 100-ден астам туристті құрайды. Олардың қатарында Kazakh Tourism ұйымдастырған баспасөз турына қатысушы журналистер мен блогерлер де бар.
Туристер ежелгі қалалардың тарихына еніп, Ұлы Жібек жолының ізімен саяхат жасай алады. Маршрут бағдарламасына негізгі көрнекі орындар енгізілген. Туристердің жайлы саяхат жасауы үшін гид қызметі, тамақтану, көліктік қызмет көрсету және мәдени нысандарға кіру билеттері қарастырылған.
Туристер сапар барысында түндерін барлық қажеттіліктермен жабдықталған жайлы пойызда өткізеді. Осы уақытта пойыз белгіленген бағыт бойынша қозғалысын жалғастырады.
Айта кетейік, халықаралық турды «Жолаушылар тасымал» АҚ және республикалық «Қазақстан туризм индустриясы» қауымдастығы «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы мен ҚР Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен ұйымдастырды.