Еуропа кеңесінің парламенттік ассамблеясында Қазақстандағы конституциялық референдумның қорытындылары бойынша қарар туралы бастама жасалды

Еуропа кеңесінің парламенттік ассамблеясында Қазақстандағы конституциялық референдумның қорытындылары бойынша қарар туралы бастама жасалды

Страсбург, 2022 жылғы 24 маусым – Еуропа кеңесінің парламенттік ассамблеясы (ЕКПА) депутаттарының бір тобы Қазақстандағы конституциялық реформаға қолдау білдіретін қарарға бастамашы болды.

«Парламенттік ассамблея Қазақстанды демократиялық реформаларды жалғастыруда қолдауы тиіс» атты қарарды қабылдауды ұсынатын құжатта ЕКПА мүшелері «2022 жылғы 5 маусымда өткен жалпыұлттық референдумда қабылданған конституциялық өзгерістер Еуропа кеңесінің стандарттарына сай келеді» деген ұстанымдарын білдірді.

Еуропалық парламентшілер Қазақстан басшылығын демократия, бостандық және заң үстемдігі қағидаттарын нығайтуға бағытталған саяси реформалар бағдарламасын жалғастыруға шақырады.

«Біз суперпрезиденттік модельден президенттік республикаға көшуді, бірқатар өкілеттіктерді қайта бөлуді, Парламенттің рөлі мен мәртебесін нығайтуды, халықтың ел басқаруға қатысуын және азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтуді құптаймыз», – делінген олардың үндеуінде.

Елдегі прогрессивті өзгерістерді ескере отырып, депутаттар Еуропа кеңесінің парламенттік ассамблеясын Қазақстанмен ынтымақтастық деңгейін арттыруды ұсынды.

Бастамаға қолдау білдірген құжатқа Польша, Ұлыбритания, Германия, Бельгия, Испания, Нидерланд, Норвегия, Румыния, Әзербайжан, Армения және Украина сияқты елдердің 22 депутаты қол қойды. Олардың арасында ЕКПА-дағы Еуропа халықтық партиясының тобы және Еуропалық консерваторлар мен Демократиялық альянс тобы сияқты ірі саяси фракциялардың жетекшілері бар.

Еуропа кеңесі (ЕК) – құқықтық стандарттар, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, демократиялық институттарды нығайту саласындағы еуропалық континент елдері арасындағы ынтымақтастықты дамытуға арналған халықаралық ұйым. Еуропа кеңесінің парламенттік ассамблеясы (ЕКПА) – оған мүше мемлекеттердің заң шығарушы органдарының өкілдерінен тұратын кеңесші орган. 1949 жылы негізі қаланған ЕКПА Еуропадағы парламентаралық ынтымақтастық жөніндегі ең ескі орган болып табылады.

Қазақстан ЕК және оның құрылымдарымен 1997 жылдан бері ынтымақтастықты дамытуда. Еліміздің ортақ мүдделер бар мәселелер бойынша бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік беретін оның ішінара кеңейтілген келісімдеріне қатысу мүмкіндігі бар. Қазіргі уақытта Қазақстан Кеңес аясындағы екі келісімге (Құқық арқылы демократия үшін Еуропалық комиссия (Венеция комиссиясы) мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы елдер тобы (GRECO)) және төрт конвенцияға тарап болды, соның ішінде Қазақстан 2010 жылы Еуропалық мәдени конвенция арқылы Болон процесіне қосылып, Еуропалық жоғары білім кеңістігінің 47-ші (және Орталық Азиядағы бірінші) толыққанды мүшесі болды.

Қазақстан Республикасы Парламентінің делегациялары Страсбургтегі ЕКПА пленарлық сессияларына және оның көшпелі отырыстарына жүйелі түрде қатысады.