Францияны азат ету жолында қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің жаңа жерленген орындары анықталды

Францияны азат ету жолында қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің жаңа жерленген орындары анықталды

ВАЛЬРУА, 2021 ж., 19 мамыр – Қазақстан Республикасының Франциядағы Елшісі Жан Ғалиевтің Үлкен Шығыс аймағына сапары барысында, Вальруа шағын коммунасында (Мюрт-и-Мозель департаменті), Францияны фашистік басқыншылардан азат ету жолында қаза тапқан кеңес жауынгерлерінің құрметіне арналған "Стелла" мемориалында ескерткіш гүл шоқтарын қою және Бейбітшілік ағашын отырғызу рәсімі өтті.

Салтанатты шараға Вальруа коммунасының мэрі Кристиан Ламорлэт, "Стелла"  комитетінің президенті Мари-Лаур Келнер, Брие қаласының префектісі Фредрик Кар, Қазақстанның Страсбургтағы Бас консулы Әнуарбек Ахметов, Ресейдің Страсбургтағы Бас консулы Юрий Соловьев және аймақтың ардагер ұйымдарының өкілдері қатысты.

Француз саясаткерлері Францияны фашистік басқыншылардан азат ету жолында жанын қиған кеңес жауынгерлеріне шын жүректен ризашылықтарын білдірді. Өз кезегінде Қазақстан Елшісі коммунаның билігіне құрбандар үшін есте сақтау орнын мұқият сақтағаны үшін алғыс айтты.

Вальруа қаласының әскери некрополіндегі Стелланың ескерткіштері тура 50 жыл бұрын, 1971 жылы 20 мамырда жасалған. Мұнда Қызыл армияның 54 сарбазы жерленген, олардың арасында қазақстандық жауынгерлер де бар.

2018 жылы профессор Гүлнара Мендіқұлова Қазақстанның Франциядағы Елшілігінің көмегімен Вальруа зиратында төрт қазақстандық сарбаздың жерленген жерін тапты. Онда Зейнолла Әлімғазиев, Қоныспек Жақиянов, Мысахан (Нишан) Тұрғамбаев және Исин (Есен) Джумагуловтың жерленгендігі анықталды.

Қазақстанның Страсбургтағы Бас консулдығының күшімен аталған зиратта тағы екі қазақстандықтардың - 13.12.1920 ж.т. Шығыс Қазақстан облысы Тоқты ауылының тумасы Николай Михайлович Щеглов және 03.02.1921 ж. Солтүстік Қазақстан облысы Октябрь ауданында дүниеге келген Кособоков Александр Ивановичтің жерленген орындары анықталды.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, біз қазақстандықтар мен БАҚ өкілдерінен қайтыс болған батырлардың туыстарын табуға көмек беруді сұраймыз. Барлық сұрақтар бойынша Қазақстанның Страсбургтағы Бас консулдығына +33388697513 телефон нөмірі немесе Strasbourg@mfa.kz электрондық поштасы арқылы хабарласуға болады.