Францияның Үлкен Шығыс өңірінің іскер топтары Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі

Францияның Үлкен Шығыс өңірінің іскер топтары Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі

СТРАСБУРГ, 2021 ж. 18-19 мамыр - Қазақстан Елшісі Жан Ғалиевтің Үлкен Шығыс аймағына іс-сапары аясында Страсбург және Нанси қалаларында қазақстан-француз инвестициялық «дөңгелек үстелдері» өтті.

Іс-шараларға Өңірлік Сауда Палатасының президенті Жилберт Стамплэн, Мёрт-и-Мозель департаментінің MEDEF бизнес қауымдастығының президенті Жиль Комон және 30-дан астам жергілікті компаниялардың басшылары қатысты.

Елші француз кәсіпкерлерін Қазақстанның экономикалық және инвестициялық әлеуетімен, даму институттарының қызметімен, инвесторларды қолдаудың құралдарымен таныстырып, сондай-ақ Қазақстан Президенті бастаған реформалар туралы айтты. Дипломат өңірдің іскер топтарының өкілдерін ұзақ мерзімді өзара тиімді серіктестік орнатудың қолда бар мүмкіндіктерін мұқият зерттеуге шақырды.

Ауылшаруашылық, тамақ өндеу, машина жасау, металлургия, логистика, қаржы, жеңіл өнеркәсіп, химия, құрылыс материалдарының өндірісі, цифрлық және жасыл экономика, жаңартылатын энергетика сияқты салаларда нәтижеге бағытталған прагматизм рухындағы бірлескен жұмысқа дайындық болғанын атап өтті.

Жилберт Стамплэн мен Жиль Комон қазақстан-француз стратегиялық серіктестігінің экономикалық сегментінің дамуына өз бағаларын ұсынды.

«Біз Қазақстанды білеміз және бірлескен жұмыстың үлкен әлеуетін көріп отырмыз», - деп атап өтті Ж.Стамплэн.

Өз кезегінде Ж.Комон компаниялар бәсекеге қабілетті жолдарды таба алатын бірқатар салаларды атап өтті: «Біз қазірдің өзінде Қазақстанға бару үшін аймақтан іскерлік делегацияны құрып жатырмыз, өйткені жобаларды дамыту жоспарларымыз бар».

Өңірге сапар барысында қазақстандық дипломаттар тіркеме ауылшаруашылық техникаларын шығаратын әлемдегі жетекші компаниялардың бірі - KUHN компаниясының зауытында болды. Бұл компанияның басшылығы әлеуетті қазақстандық серіктестермен келіссөздерді бастап кетті. Сондай-ақ, Нансидегі инженерлерді даярлау орталығының қызметімен, Лотарингия университетінің тау-кен мектебінің зертханасымен танысу өтті.

Кольмарда Елші ауылшаруашылық, азық-түлік және қоршаған орта жөніндегі ұлттық ғылыми-зерттеу институтында (INRAE) және RITTMO ғылыми-зерттеу орталығында болды, олар келіссөздер қорытындысы бойынша қазақстандық ҚР «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығымен» тығыз ынтымақтастық орнатуға ниет білдірді.

Мюлуз және Нанси қалаларының әкімдерімен кездесуде академиялық алмасуды қоса алғанда, өзара іс-қимылдың кең күн тәртібі талқыланды.

Барлық іс-шаралар Қазақстанның Үлкен Шығыс аймағындағы Бас консулы Әнуарбек Ахметовтың және аймақтағы компаниялар мен ұйымдардың жаңа жобаларын іске асыруды қамтамасыз ететін, консулдық қызметкерлердің белсенді қатысуымен өтті.