Қазақстан ГРЕКО-мен өзара іс-қимылды нығайтуда

Қазақстан ГРЕКО-мен өзара іс-қимылды нығайтуда

Страсбург, 2026 жылғы 8-12 маусым – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өкілі Еуропа Кеңесінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобының (ГРЕКО) 103-пленарлық отырысына қатысты.

Іс-шара барысында ГРЕКО-ға мүше мемлекеттер сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұсынымдарды іске асыру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың ұлттық тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ осы саладағы халықаралық ынтымақтастықтың өзекті үрдістері мәселелерін талқылады.

Отырыс аясында Агенттік өкілі шетелдік делегациялармен бірқатар жұмыс кездесулерін өткізді. Тараптар ГРЕКО ұсынымдарын іске асыру, мемлекеттік қызмет жүйесінің тиімділігін арттыру, мемлекеттік органдар қызметіндегі адалдық пен ашықтық қағидаттарын нығайту мәселелері бойынша тәжірибе алмасты.

Сонымен қатар, 2026 жылғы 19 маусымда Астанада өтетін «GovHR Forum 2026: People. Prospect. Public Value in the Age of Digitalization and Artificial Intelligence» халықаралық форумына қатысу мақсатында Қазақстанға алдағы сапарына дайындық мәселелері бойынша ГРЕКО Президенті Дэвид Мейермен және ГРЕКО-ның Атқарушы хатшысы Ливия Стойка Бехтпен консультациялар өткізілді.

Еуропа Кеңесінің Экономикалық қылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының өкілдерімен сараптамалық өзара іс-қимыл, озық тәжірибе алмасу және қазақстандық мамандардың Еуропа Кеңесінің бейінді іс-шараларына қатысу мәселелерін қоса алғанда, одан арғы ынтымақтастық перспективалары талқыланды.

Пленарлық отырысқа қатысу ГРЕКО-ға мүше мемлекеттердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру және мемлекеттік сектордағы адалдықты қамтамасыз ету тетіктерін нығайту жөніндегі заманауи тәсілдерімен танысуға мүмкіндік берді.

Кездесулер қорытындысы бойынша тараптар сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәжірибелерді жетілдіру және озық халықаралық тәжірибе алмасу мақсатында ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екендіктерін растады.