Қазақстан Еуропа Кеңесінде цифрлық трансформация және жасанды интеллектті дамыту тәжірибесін таныстырды

Қазақстан Еуропа Кеңесінде цифрлық трансформация және жасанды интеллектті дамыту тәжірибесін таныстырды

Страсбург, 2026 жылғы 10 маусым – Еуропа Кеңесінің штаб-пәтерінде мемлекеттік басқаруды цифрландыру, жасанды интеллектті дамыту және цифрлық инфрақұрылымды жетілдіру салаларындағы Қазақстанның жетістіктеріне арналған «Digital Kazakhstan» брифингі өтті.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму Вице-Министрі Д.Мұсалиев, Еуропа Кеңесінің Қауіпсіздік, адалдық және құқық үстемдігі мәселелері жөніндегі директоры Х.Юнкер, Еуропа Кеңесіне мүше мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың, сарапшылық қоғамдастықтың және дипломатиялық корпустың өкілдері қатысты.

Бас консул А.Бақытбекқызы цифрландыру бүкіл әлемде экономикалық өсімнің, мемлекеттік сектордың тиімділігінің және әлеуметтік дамудың анықтаушы факторына айналғанын атап өтті. Сонымен қатар, басқару, қауіпсіздік, ашықтық және негізгі құқықтарды қорғауға қатысты маңызды мәселелерді көтереді.

Брифинг барысында қазақстандық тарап мемлекеттік басқаруды цифрлық жаңғырту, электрондық үкіметті дамыту және жасанды интеллект технологияларын енгізу бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстың негізгі нәтижелерін таныстырды.

Қазақстан мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруға, көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға және азаматтардың әл-ауқатын көтеруге бағытталған заманауи цифрлық экожүйені қалыптастыру жөніндегі стратегиялық бағытын дәйекті түрде іске асырып келе жатқаны атап өтілді.

Ұлттық жасанды интеллект экожүйесін дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Қазақстан Alem.Cloud және Al-Farabium суперкомпьютерлік кластерлерін қоса алғанда, өзінің есептеу инфрақұрылымын қалыптастыруда, сондай-ақ KazLLM, Sherkala және AlemLLM отандық тілдік модельдерін дамытуда. Сонымен қатар, жасанды интеллект саласындағы қауіпсіздікті, ашықтықты және азаматтардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған құқықтық базаны жетілдіру жұмыстары жүргізілуде.

Қазақстан цифрлық дамуды стратегиялық ұлттық басымдыққа айналдырды. Президент Қ.Тоқаев 2026 жылды Қазақстанда «Жасанды интеллект пен цифрландыру жылы» деп жариялады, бұл біздің заманауи, азаматтарға бағдарланған цифрлық экожүйені қалыптастыруға деген ұстанымымызды айқын көрсетеді.

Соңғы жылдары Қазақстан жекелеген мемлекеттік қызметтерді цифрландырудан азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға, мемлекеттік басқарудың тиімділігін күшейтуге және инновациялық экономиканы дамытуға бағытталған кешенді цифрлық экожүйені қалыптастыруға көшті.

Презетация барысында Қазақстанның негізгі цифрлық шешімдері, атап айтқанда Smart Data Ukimet платформасы, әлеуметтік қолдауды проактивті түрде көрсетуге арналған «Отбасының цифрлық картасы» жүйесі, eGov Mobile мобильді қосымшасы, eGov Business платформасы және AlemGPT интеллектуалды көмекшісі таныстырылды.