Қазақстан Еуропа Кеңесінің №108 Конвенциясы комитеті (дербес деректерді қорғау) жанындағы бақылаушы мәртебесін алды

Қазақстан Еуропа Кеңесінің №108 Конвенциясы комитеті (дербес деректерді қорғау) жанындағы бақылаушы мәртебесін алды

Страсбург, 2026 жылғы 9-11 маусым – Қазақстанға жеке тұлғаларды дербес деректерді автоматтандырылған өңдеуге байланысты қорғау туралы Еуропа Кеңесінің №108 Конвенциясы комитеті жанындағы бақылаушы мәртебесі ресми түрде берілді.

Тиісті шешім Страсбург қаласында өткен Комитеттің 50-ші пленарлық отырысының қорытындысы бойынша қабылданды. Отырыс жұмысына Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму Вице-Министрі Д.Мұсалиев қатысты.

Пленарлық отырыс аясында қазақстандық делегация Еуропа Кеңесінің Бас хатшысы А.Берсемен және №108 Конвенция комитетінің төрағасы Б. де Анкоренамен кездесулер өткізді. Келіссөздер барысында тараптар дербес деректерді қорғау, цифрлық трансформация және заманауи технологияларды дамыту салаларындағы одан арғы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.

Сонымен қатар, пленарлық отырыс барысында Д.Мұсалиев халықаралық сарапшылар алдында Қазақстанның дербес деректерді қорғау саласындағы тәжірибесі туралы баяндама жасады.

№108 Конвенция комитеті цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы жағдайында дербес деректерді қорғау және жеке өмірге қол сұқпаушылық құқығын қамтамасыз ету саласындағы тәсілдер мен стандарттарды қалыптастыратын негізгі халықаралық алаң болып табылады.

Қазақстанға бақылаушы мәртебесінің берілуі халықаралық серіктестермен өзара іс-қимылды кеңейтуге, тәжірибе алмасуға және озық әлемдік тәжірибені ескере отырып, дербес деректерді қорғаудың ұлттық жүйесін одан әрі жетілдіруге қосымша мүмкіндіктер ашады.