Қазақстан мен Франция арасындағы білім және мәдени байланыстар талқыланды

Қазақстан мен Франция арасындағы білім және мәдени байланыстар талқыланды

Мец, 2026 жылғы 11 мамыр – Қазақстанның Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова Францияның Үлкен Шығыс аймағына жасаған жұмыс сапары барысында өңір басшысы Франк Леруа, Мец қаласының мэрі Франсуа Гросдидье, сондай-ақ оның орынбасарлары мен кеңесшілерімен кездесті.

Сұхбат барысында мәдениет және білім беру салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бұл ретте Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті базасында «Халықаралық құқық» бағыты бойынша Лотарингия университеті филиалының ашылуы екі ел арасындағы стратегиялық әріптестіктің жарқын көрінісі әрі соңғы жылдардағы ең маңызды білім беру жобаларының бірі екені атап өтілді.

Тараптар алдағы уақытта Қазақстан мен Лотарингия өңірі арасында мәдени байланыстарды жандандыру, Мец қаласында қазақстандық шығармашылық ұжымдардың өнерін таныстыру перспективаларын талқылады.

Сонымен қатар, инвестициялар тарту, өңіраралық байланыстарды нығайту және өзара тиімді экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелері бойынша өзара қызығушылық білдірілді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар аталған бағыттардағы серіктестікті одан әрі дамытуға уағдаласты.

Абай атындағы ҚазҰПУ базасында Францияның жетекші жоғары оқу орындарының бірі Лотарингия университетінің филиалы 2024 жылдың мамыр айында ашылды. Қазіргі таңда филиалда халықаралық құқық бойынша бакалавриат және магистратураның қос дипломды бағдарламалары жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, шетел тілі мұғалімдерін даярлау, халықаралық қатынастар мен дипломатия, менеджмент, қаржы және маркетинг бағыттарын қамтитын алты білім беру бағдарламасы жұмыс істейді. Аталған бағдарламаларға 95 нысаналы грант бөлінген.