
Страсбург, 2026 жылғы 23-27 наурыз – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай бастаған ведомствоаралық делегация Еуропа Кеңесінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобының (ГРЕКО) 102-ші пленарлық отырысына қатысты. Жұмыс тобының құрамына Президент Әкімшілігінің, Бас прокуратураның, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Қаржылық мониторинг агенттігінің, Қаржы министрлігінің және Әділет министрлігінің өкілдері кірді.
Іс-шара барысында ГРЕКО бағалауының бірінші және екінші раундтарының іске асырылуы жөніндегі есеп жобасы қаралды.
Пленарлық отырыста сөз сөйлеген қазақстандық делегация басшысы қатысушыларды ұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйені нығайтуға бағытталған кешенді шараларды іске асырудың жалғасып жатқандығы туралы, оның ішінде ГРЕКО ұсынымдарын ескере отырып жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде хабардар етті.
Агенттік төрағасы Д.Жазықбай сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жаңартылған моделін кезең-кезеңімен енгізу туралы баяндап, оның алдын алу құралдарына бағдарлануын, «нөлдік төзімділік» қағидатын қалыптастыруды және адалдық стандарттарын ілгерілетуді атап өтті.
Сапар аясында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Еуропа Кеңесінің Адам құқықтары және құқық үстемдігі жөніндегі Бас директоры Джанлука Эспозитомен екіжақты кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы бірлескен бастамаларды ілгерілету, оның ішінде Қазақстанның Еуропа Кеңесінің бейінді тетіктеріне қатысуын кеңейту мәселелері бойынша ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.
ГРЕКО Бюросының мүшесі, Кипр делегациясының басшысы Алексия Калисперамен өткен келіссөздер барысында сараптамалық өзара іс-қимылды жандандыру және ГРЕКО ұсынымдарын іске асыру саласында озық тәжірибелермен алмасу жөнінде келісімге қол жеткізілді.
Агенттік Төрағасының Страсбург қаласындағы жоғары оқу орындарында білім алып жатқан қазақстандық студенттермен кездесуі өтті. Кездесу барысында ол мемлекеттік қызметтегі мүмкіндіктер туралы айтып, «Әділетті Қазақстанды» қалыптастыруда зияткер әрі білімді ұрпақтың маңыздылығын атап өтті.
ГРЕКО пленарлық отырысы аясында қазақстандық делегация Еуропа Кеңесінің Экономикалық қылмыстарға қарсы іс-қимыл басқармасының өкілдерімен, Қаржыны жылыстатуға қарсы шараларды бағалау жөніндегі сарапшылар комитетінің (МАНИВЭЛ) және Қылмыстық істер бойынша ынтымақтастық туралы еуропалық конвенцияларды қолдану жөніндегі сарапшылар комитетінің (РС-ОС) басшыларымен жұмыс кездесулерін өткізді.
Тараптар Қазақстанның Еуропа Кеңесімен екіжақты ынтымақтастығы шеңберінде нақты бағыттар бойынша өзара іс-қимылды кеңейтуге дайын екендіктерін растады.