
Страсбург, 2025 жылғы 5 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Н.Шарипов бастаған қазақстандық делегация Еуропа Кеңесінің Қылмыстық сот төрелігінің тиімділігі жөніндегі комиссиясының (CEPEJ) 45-пленарлық сессиясына қатысты.
Еуропа Кеңесіне мүше мемлекеттердің өкілдері, бақылаушылар және халықаралық әріптестер 2026-2029 жылдарға арналған CEPEJ-дің жаңа іс-қимыл жоспарының жобасын мақұлдады. Құжатта сот жүйелерінің тиімділігін арттыру, әділ сот төрелігін одан әрі цифрландыру және сот саласында жасанды интеллектті қолданудың сенімді тетіктерін дамыту жөніндегі басымдықтар талқыланды.
Пленарлық отырыс барысында делегация басшысы Н.Шарипов Қазақстанның сот жүйесін реформалау және цифрлық трансформациялау тәжірибесін таныстырды. Ол әкімшілік әділеттілікті құрудың тиімділігін, апелляциялық инстанцияның рөлін күшейтуді, экстерриториялық юрисдикцияны енгізуді және цифрлық әділ сот төрелігін дамыту шеңберінде сот жүйесіне жасанды интеллектті енгізуді атап өтті.
CEPEJ пилоттық жобаларын іске асыру үшін Қазақстан алаң ұсынуға және Орталық Азияда еуропалық әділ сот стандарттарын ілгерілетуге арналған өңірлік платформа ретінде қызмет етуге дайын екені мәлімделді.
Өз кезегінде, CEPEJ өкілдері Қазақстан Республикасы сот жүйесінде IT технологияларын енгізу деңгейі бойынша Еуропа Кеңесінің 46 мүше мемлекетінің ішінде 4-ші орында екенін атап өтті.
Сапар аясында қазақстандық делегация Еуропалық адам құқықтары сотының сарапшыларымен, сондай-ақ Еуропа Кеңесінің адам құқықтары, әділ сот және ынтымақтастық саласындағы стандарттарды енгізу департаментінің өкілдерімен кездесу өткізді. Тараптар одан арғы ынтымақтастықтың басым бағыттарын және практикалық өзара іс-қимылды кеңейту мәселелерін талқылады.
Еуропа Кеңесінің өкілдері Қазақстанмен ынтымақтастықтың орнықты прогресін атап өтіп, құқықтық институттарды нығайтуға және әділ сот тетіктерін жетілдіруге бағытталған бірлескен бастамалардың ауқымын кеңейтуге дайын екенін растады.