
Страсбург, 2025 жылғы 17-19 қараша – Еуропа Кеңесінің штаб-пәтерінде Жастар департаменті ұйымдастырған Еуропа Кеңесі Жастар бойынша Еуропалық басқарма комитетінің 76-шы отырысы және Жастар бойынша Біріккен кеңестің 53-ші отырысы өтті. Іс-шараларға Қазақстан атынан «Kazakhstan–EU Gateway» Қоғамдық бірлестігінің Президенті В.Бахретдинов қатысты.
Отырыстар барысында Қазақстанның жастар саясаты саласындағы негізгі реформалар, соның ішінде «Жастар саясаты туралы» заңға енгізілген жаңартулар мен «Мемлекеттік жастар саясатын дамыту тұжырымдамасының» іске асырылу барысы таныстырылды.
Еуропа Кеңесі тарапынан Директорат басшылары Қазақстан өкілінің іс-шараларға белсенді қатысуын жоғары бағалап, жастар саясаты саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге және жастар ресурстық орталықтарымен өзара іс-қимылды нығайтуға дайын екендіктерін білдірді. Тараптар климаттың өзгеруіне қарсы күреске жастардың қатысуын кеңейту, Еуропа мен Орталық Азия арасындағы ортақ жобаларды дамыту және жастардың саяси сауаттылығын арттыру бағыттарының маңызын атап өтті.
Кездесу барысында Қазақстан мен Еуропа Кеңесі арасындағы бірлескен жобалардың әлеуеті талқыланып, келешекте ортақ бастамаларды іске асыру мүмкіндіктері қарастырылды.
Пленарлық отырыс қорытындысы бойынша В.Бахретдинов Еуропа Кеңесі Жастар бойынша Еуропалық басқарма комитеті Бюросының мүшесі ретінде тағы екі жыл мерзімге қайта сайланды. Бұл шешім Қазақстанның халықаралық аренадағы беделінің және елдің бейбітшілікке бағытталған сыртқы саясатының жоғары бағаланатынын көрсетті.
Отырыстардың жалпы қорытындысында тараптар Қазақстан мен Еуропа Кеңесі арасындағы өзара іс-қимыл деңгейін жоғары бағалап, демократиялық құндылықтарды, адам құқықтарын және заң үстемдігін ілгерілету бағытындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екендіктерін растады.