Францияның Нанси қаласымен ынтымақтастық бағыттары

Францияның Нанси қаласымен ынтымақтастық бағыттары

Нанси, 2025 жылғы 16-17 маусым – Нанси қаласына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасының Страсбургтағы Бас консулы Анель Бақытбекқызы қала әкімдігі мен Лотарингия университетінің басшылығымен екіжақты кездесулер өткізді.

Нанси әкімінің орынбасары Антуар Лё Соллезбен өткен кездесуде жергілікті атқарушы органдармен ынтымақтастық мәселелері, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылдың мүмкіндіктері, сондай-ақ ҚР қалаларымен бауырластық қатынастар орнату мәселелері талқыланды.

А.Бақытбекқызы Қазақстанның қазіргі даму барысы, Президент Қ.Тоқаевтың реформалар бағдарламасы туралы баяндап, экономиканы жаңғырту мен диверсификациялау жөніндегі Үкіметтің басымдықтарымен таныстырды.

Нанси қаласының өнеркәсіптік өндіріс, жоғары технологиялар және ғылыми-зерттеу мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар салаларындағы экономикалық аймақтарының айтарлықтай әлеуетін атап өтіп, Бас консул серіктестік орнатуға қызығушылық білдірді, сондай-ақ Нансидің экологиялық қауіпсіздік саласындағы тәжірибесін қолдану мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін жеткізді.

ҚР қалаларымен тікелей байланыстар орнату мақсатында Нанси делегациясының Қазақстанның өңіріне жұмыс сапарын ұйымдастыруға Бас консулдықтың дайындығы жеткізілді.

Инвестициялық ынтымақтастықты дамыту мақсатында Бас консул негізгі бағыттардағы мүмкіндіктерді атап өтіп, Францияның өңірін Қазақстанның инвестициялық әлеуетін пайдалануына шақырып, жергілікті сауда-өнеркәсіп палаталарының алаңында Нанси іскерлік топтардың қатысуымен семинар ұйымдастыруды ұсынды.

Өз кезегінде А. Лё Соллез өңірге жасаған сапарға алғысын білдіріп, Қазақстанмен өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға дайындығын жеткізді. Қала әкімдігінің өкілі қазақстандық миссиясының бірлескен мәдени шаралар өткізу, гастрольдер мен көрмелер ұйымдастыруға қатысты қызығушылығы мен бастамаларын оң қабылдап, барлық мүмкін көмекті көрсетуге дайын екендігін мәлімдеді.

Екіжақты ғылыми-оқыту саласындағы ынтымақтастыққа серпін беру мақсатында А.Бақытбекқызы Лотарингия университетінің Жоғары ұлттық геология мектебінің (ENSG) басшылығы мен профессорлық-оқытушылық құрамымен келіссөздер жүргізді.

ENSG халықаралық бөлімінің басшысы И.Панфилова, ғылыми қызметкерлер О.Боттело мен К.Фе-Варнимен кездесуі Қазақстанның мұнай-газ саласындағы мамандар оқыту мәселелерін талқылауға және осы бағыттағы озық біліктілікті қолдану бойынша ақпарат алмасуға мүмкіндік берді.

Өз кезегінде Лотарингия университетінің серіктестері шетелдік әріптестермен ынтымақтастықты нығайту жөніндегі университеттің жұмысы туралы баяндап, қазақстандық әріптестерімен аталған бағыттар бойынша байланыстарды одан әрі дамытуға дайындығын білдірді.

Нанси қаласында өткен кездесулердің қорытындылары бойынша сұхбаттасушылардың назары Астана халықаралық форумының нәтижелеріне, сондай-ақ 2025 жылы атап өтілетін мерейтойлар мен елеулі даталарға аударылды, атап айтқанда, ҰОС Жеңістің 80-жылдығы, Қазақстан Конституциясының 30-жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30-жылдығы, Абайдың 180-жылдығы, Н.Тлендиевтің 100-жылдығы мен Ә.Молдағұлованың 100-жылдығы. Бұл тұрғыда Бас консулдық жергілікті сарапшылар, саясаттанушылар мен студенттердің қатысуымен семинарлар мен лекциялар өткізуге дайын екендігін білдірді.

Мёрт және Мозель департаментінің әкімшілік орталығы – Нанси қаласы Францияның Үлкен Шығыс өңірінде Германия, Бельгия және Люксембургпен шекара маңында орналасқан. Қала аймақтық мәдени, ғылыми және экономикалық орталығы, сондай-ақ Франциядағы бесінші ірі қаржы орталығы болып саналады және ең ірі 30 экономикалық аймақтың қатарына кіреді.

Қалада Лотарингия университетінің құрамына кіретін көптеген факультеттер, инженерлік мектептер, ғылыми зертханалар мен зерттеу институттары орналасқан жетекші университет кешендері бар. Студенттер саны 60 мыңнан асып, ал оқу орнының құрылымы табиғи ғылымдар, инженерия, гуманитарлық және әлеуметтік бағыттардың кең спектрін қамтиды.