Еуропа Кеңесінде киберқылмыспен күрес мәселелері талқыланды

Еуропа Кеңесінде киберқылмыспен күрес мәселелері талқыланды

Страсбург, 2025 жылғы 2-3 маусым – Киберқылмыс туралы Конвенция жөніндегі Комитеттің 32-ші Пленарлық отырысы өтті. Іс-шараға ҚР Бас прокуратура мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері қатысты.

Пленарлық отырыс барысында қазіргі заманғы халықаралық сын қатерлер, атап айтқанда бейбітшілікке, қауіпсіздікке, демократияға, әділеттілікке және адам құқықтарына төнетін қауіптер жағдайында Конвенция аясындағы ынтымақтастық бұрынғыдан да өзекті екені атап өтілді.

Қатысушылар киберқылмыспен күрес саласындағы ұлттық бастамалар мен тәжірибелері туралы ақпарат алмасты. Тергеу, қылмыстық қудалау және халықаралық ынтымақтастық үшін Конвенция құралдарын қолдану айтарлықтай артқаны атап өтілді.

Талқылаулар барысында киберқылмыстарға қатысты заңдар да кіретін қылмыстық заңнамада пікір білдіру бостандығын шектеу адам құқықтары мен құқық үстемдігі талаптарына сай болуы тиіс екені атап өтілді.

Өз кезегінде, Қазақстан делегациясы Еуропалық сарапшыларды еліміздің осы саладағы тәжірибесімен және Еуропа Кеңесімен киберқылмыспен күрес саласындағы қазіргі ынтымақтастығымен таныстырды.