Астана, 2025 жылғы 29 мамыр – Бүгін Астана Халықаралық Форумы 2025 салтанатты ашылу рәсімімен басталып, екі күн бойы стратегиялық диалог пен шекара аралық ынтымақтастық алаңына айналады. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ұйымдастырылған осы жылғы форум «Ақыл-ой қосу арқылы келешекті бағдарлау» тақырыбы аясында әлемдік көшбасшыларды ең өзекті жаһандық мәселелерді талқылауға біріктірді.
Форумның ашылуында сөйлеген сөзінде Президент Тоқаев көпжақты ынтымақтастықтың қазіргі әлемдегі маңыздылығына ерекше тоқталды: «Соғыстан кейінгі әлемдік тәртіп ыдырауда. Протекционизм күшеюде. Көпжақты қатынастар әлсіреуде. Осы қалыптасып жатқан бейберекет жағдайда бізге жүктелген міндет айқын: ынтымақтастық бар жерде оны сақтау, бұзылған жерде – қалпына келтіру. Қазақстанның көздеген мақсатты – әр алуандықтағы бірлік» – деді.
Форум аясында бірқатар беделді спикерлер сөз сөйледі. Олардың қатарында Руанда Президенті Поль Кагаме, Солтүстік Македония Президенті Гордана Сильяновска-Давкова, Еуропа Кеңесінің Бас хатшысы Ален Берсе, БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының Бас директоры Цюй Дуньюй және БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы, Қазір Жасыл Өсу жөніндегі жаһандық институтының төрағасы Пан Ги Мун. Сессияны CNN International тілшісі және жүргізушісі Джулия Чаттерли жүргізді.
Қазақстанның даму жолына бағалаған Руанда Президенті Поль Кагаме: «Қазақстанның өркендеуі – елдің көшбасшылығының, табандылығының және халқының көрінісі», – деді.
Солтүстік Македония Президенті Гордана Сильяновска-Давкова жаһандық дағдарыстарды шешу жолдары туралы сөз қозғап: «Бүгінгі сын-қатерлерге төтеп беру үшін бізге ұжымдық даналық пен тәжірибені жедел әрі тиімді пайдалану қажет», – деп атап өтті.
Ален Берсе демократиялық құндылықтардың жаһандық қауіпсіздік үшін маңыздылығын ерекше атап өтіп: «Біз бұл жерде қауіпсіздік, энергетика, климат және экономика мәселелерін талқылау үшін жиналдық. Алайда мойындайық – егер демократия әлсіресе, бұл салаларда тұрақтылық болуы мүмкін емес», – деді.
Пан Ги Мун Қазақстанның бастамашы ретіндегі рөлін жоғары бағалап: «Форумның биылғы тақырыбы – бізге қажетті көшбасшылықтың айқын көрінісі. Бұл – ынтымақтастыққа негізделген, болашақты болжай алатын және ортақ жауапкершілікке сүйенетін көшбасшылық», – деді.
Цюй Дунъюй Орталық Азия мен Қазақстанның жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлін ерекше атап өтіп: «Орталық Азия – геосаяси, экономикалық және климаттық тұрғыдан маңызды аймақ. Қазақстанның жер көлемі 2,8 миллион шаршы шақырымды құрайды. Тиімді басқару, инвестициялар мен жаңа технологиялардың көмегімен Қазақстан бүкіл әлем бойынша 1 миллиард адамды азық-түлікпен қамтамасыз ете алады», – деді.
Форум бағдарламасына климаттың өзгеруі, энергетикалық қауіпсіздік және қақтығыстарды шешу тақырыптарындағы нақты шешімдерге бағытталған сессиялар енді. Австрияның бұрынғы канцлері Себастьян Курц Financial Times журналисі Тони Барбермен сұхбатында Еуропаның Орталық Азияға деген қызығушылығының артып келе жатқанын құптап: «Еуропа бұл аймақпен тығыз ынтымақтастықтың қажеттілігін енді шынайы түсіне бастады», – деп атап өтті.
БҰҰ қолдаған пікірталастар форумның маңызды бөлігінің бірі болды. Ұйым стратегиялық серіктес ретінде Форум жұмысына белсенді қатысты. Сессиялар БҰҰ-ның 80 жылдығына арналды және «Болашақ үшін келісім», көші-қон, су қауіпсіздігі сынды басым бағыттар қамтылды. Ерекше назар аударылған сессия – CNN журналисі Макс Фостер мен Халықаралық көші-қон ұйымының Бас директоры Эми Э. Поптың көші-қонның орнықты даму мақсаттарындағы рөлі туралы әңгімесі болды.
Форумның бірінші күні қорытындылана келе, орта державалардың рөлін арттыру, көпжақтылықтың маңыздылығын қайта жаңғырту және нақты жаһандық шешімдерді жеделдету бағытындағы миссиясын тағы бір мәрте растады. Форумның екінші күні де тұрақты, инклюзивті және өзара байланысқан әлем қалыптастыруға бағытталған серіктестік пен диалогты жалғастырмақ.