Вестерноррланд аймағына сапар: Қазақстан мен Швеция арасындағы өңіраралық ынтымақтастықты нығайту

Вестерноррланд аймағына сапар: Қазақстан мен Швеция арасындағы өңіраралық ынтымақтастықты нығайту

Сундсвалль, Остранд,2025 жылғы 1-2 сәуір – Қазақстанның Швециядағы Елшісі Олжас Сүлейменовтің Вестерноррланд (Швеция) аймағына жұмыс сапары шеңберінде Қазақстан мен Швеция арасындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған өңір басшылығымен, жетекші компаниялар мен академиялық топтардың өкілдерімен нәтижелі кездесулер өтті.

Вестерноррланд өңірінің губернаторы Карин Ямтинмен кездесу барысында орнықты дамудың ұлттық басымдықтарын іске асыру контекстінде Қазақстан үшін елеулі қызығушылық тудыратын өңірдің циркулярлық экономика саласындағы бастамаларына ерекше назар аударылды. Губернатор Қазақстанмен байланыстарды кеңейтуге қызығушылық білдіріп, орнықты даму, өнеркәсіп және «жасыл» энергетика саласындағы өзара іс-қимыл әлеуетін атап өтті. Сонымен қатар, тараптар экотуризмді дамытуда тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін талқылады.

Сапар аясында ҚР Елшісі SCA AB – Еуропадағы қағаз, орау және ағаш өнімдерін өндіруге маманданған ең ірі ағаш өндіруші компанияның қызметімен танысты. Кездесу барысында Қазақстанда ағашты терең өңдеу бойынша бірлескен жобаларды іске асыру перспективалары, сондай-ақ елдің орман өнеркәсібі секторына озық экологиялық таза технологияларды енгізу мүмкіндіктері талқыланды.

Қорғаныс технологиялары мен қауіпсіздік саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі BAE Systems өкілдерімен келіссөздер барысында киберқауіпсіздікті қоса алғанда, жоғары технологиялар саласындағы қазақстандық кәсіпорындармен бірлескен жобаларды және басқарудың автоматтандырылған жүйелерін іске асыру мүмкіндіктері талқыланды.

Сапар бағдарламасының бір тармағы жоғары сапалы біліммен, ғылыми зерттеулермен және онлайн оқытумен танымал Орта Швеция Университетіне (Mid Sweden University) бару болды. Ректор Андерс Феллстреммен кездесу барысында академиялық алмасу, ғылыми ынтымақтастық және қазақстандық студенттердің университеттің білім беру бағдарламаларына қатысу перспективалары талқыланды.

Жұмыс сапары Қазақстанның Швециядағы Елшілігі өңірлік және салалық деңгейлердегі елдер арасындағы байланыстарды нығайту мақсатында өткізетін іс-шаралар кешенінің бір бөлігіне айналды.