Стокгольм, 2025 жылғы 12 наурыз – Алғаш рет «Швеция – Орталық Азия» форматындағы онлайн парламентаралық диалог өтті, бұл екі өңір арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңін белгіледі.
Кездесуге Швеция, Қазақстан және Өзбекстанның парламентшілері мен дипломаттары қатысты. Олардың қатарында Швеция Риксдагының «Швеция – Орталық Азия» достық тобының жетекшісі Бьорн Сёдер, ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің Төрайымы Айгүл Құспан, Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Заң шығару палатасы спикерінің орынбасары Рахим Хакимов, сондай-ақ Қазақстанның Швециядағы Елшісі Олжас Сүлейменов, Швецияның Қазақстандағы Елшісі Ева Пулано, Өзбекстанның Швециядағы Елшісі Рахматулла Нуримбетов және Швецияның Өзбекстандағы Елшісі Томас Данестад қатысты.болды.
Кездесуді аша отырып, Б.Сёдер Швеция, Солтүстік Еуропа елдері мен Орталық Азия арасындағы ынтымақтастықтың, әсіресе жаһандық өзара байланыстылықтың артуы жағдайында, өсіп келе жатқан маңыздылығын атап өтті. Ол Орталық Азияның бай мәдени мұрасы, экономикалық әлеуеті және халықаралық аренадағы рөлі артып келе жатқан стратегиялық маңызды аймақ екенін атап өтті.
Талқылау барысында тараптар Қазақстан мен Өзбекстандағы парламентаризмді дамыту мәселелерін қарастырды. ҚР Парламенті Мәжілісінің комитет Төрайымы А.Құспан, Қазақстан демократиялық институттарды нығайтуға, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға және тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етуге бағытталған «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы аясында ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар жүргізіп жатқанын атап өтті.
Өз кезегінде, Өзбекстан Олий Мәжілісі Заң шығару палатасы төрағасының орынбасары Р.Хакимов мемлекеттер арасындағы өзара түсіністік пен сенімді нығайтуда парламенттердің негізгі рөлін атап өтті. Ол парламенттік диалогтың кеңеюі Өзбекстан, Қазақстан және Швеция арасындағы жан-жақты серіктестіктің берік негізін қалыптастыратынын айтты.
Тараптар ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы, Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясы және Парламентаралық Одақ сияқты халықаралық алаңдар аясында іс-қимылды тереңдетуге уағдаласты. ЕҚЫҰ ПА сессиялары шеңберінде үздік тәжірибелермен алмасуға мүмкіндік беретін тұрақты кездесулер өткізу маңызды қадам болмақ.
Кездесуде сөз сөйлеген Қазақстанның Швециядағы Елшісі О.Сүлейменов Қазақстан Президенті «Орталық Азияның Ренессансы» деп атаған Орталық Азияның тұрақты дамуы үшін өңірлік интеграцияның маңыздылығына назар аударды. Ол Риксдагқа ынтымақтастықты кеңейтуге қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдіріп, «Швеция – Орталық Азия» достық тобының парламентаралық диалогты дамытудағы, саяси және экономикалық өзара іс-қимылды тереңдетудегі маңызды рөлін атап өтті.
2024 жылы өткен алғашқы бизнес-семинардың сәтті бастамасын жалғастыра отырып, қатысушылар 2025 жылдың маусым айында Риксдагта «Швеция – Орталық Азия» екінші бизнес-семинарын өткізуге келісті. Бұл іс-шара экономикалық ынтымақтастықты тереңдету, жаңа инвестициялық мүмкіндіктерді талқылау және іскерлік байланыстарды кеңейту үшін тиімді алаң ретінде өзін көрсетті. Биылғы семинарда жасыл энергетика, маңызды шикізат материалдары, климаттың өзгеруі, тұрақты технологиялар және инновациялар сияқты басым салаларға ерекше назар аударылатын болады.
Кездесу соңында тараптар парламенттік сапарлармен алмасуды және халықаралық ұйымдар аясындағы белсенді ынтымақтастықты қамтитын тұрақты диалогты жалғастыруға уағдаласты.