Қазақстан Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың Оныншы Шолу конференциясына қатысты

Қазақстан Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың Оныншы Шолу конференциясына қатысты

Нью-Йорк, 2022 жылғы 2 тамыз – Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин бастаған Қазақстан делегациясы 1-26 тамыз аралығында АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында өтіп жатқан Ядролық қаруды таратпау туралы шартының (ЯҚТШ) Оныншы Шолу конференциясына қатысты. Іс-шараға әлемнің 133 мемлекетінің және бейіндік үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. ЯҚТШ-ның алдыңғы 9-шы Шолу конференциясы 2015 жылы өткізілді.

Конференцияның ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде делегация басшысы ЯҚТШ-ны халықаралық қауіпсіздіктің заманауи архитектурасының іргетасы деп атай отырып, еліміздің шарттың негізгі үш тірегі болып саналатын ядролық қарусыздану, таратпау және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану үдерістеріне қосқан нақты үлесін атап өтті. А. Рахметуллин мемлекеттердің ЯҚТШ-ның барлық осы негізгі қағидаттарын мүлтіксіз сақтауына шақырды.

Қазақстандық делегация БҰҰ Бас Ассамблеясының алдағы                         77-ші сессиясында өзінің Бірінші комитетке (қарусыздану және халықаралық қауіпсіздік мәселелері бойынша) төрағалық етуі барысында Қазақстан ядролық қаруды таратпау режимін нығайту жөніндегі жұмысты жалғастыратынын мәлімдеді. Бұдан басқа, еліміз Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартының (ЯҚТСШ) қатысушы мемлекеттерінің Үшінші конференциясының төрағасы ретінде ядролық қаруды толық жою жөніндегі әмбебап мақсатқа қол жеткізу үшін барлық күш-жігерін жұмсайды.

Пленарлық сессия барысында А. Рахметуллин Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ (ОАЯҚАА) мемлекеттерінің атынан сөз сөйлеп, ядролық қаруды таратпаудағы ядролық қарусыз аймақтардың негізгі рөлін атап өтіп, конференцияға қатысушыларды түпкілікті мақсат – жалпыға ортақ ядролық қарусыздануға қол жеткізу мақсатында әлемнің басқа өңірлерінде ядролық қарусыз аймақтар құру бойынша күш-жігерді қолдауға шақырды.

Конференция барысында қазақстандық делегация басшысы АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары Бонни Дженкинспен, Аустралияның сауда Министрінің орынбасары, сенатор Тим Айриспен, Молдова Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Руслан Болбочанмен, ОАЯҚАА қатысушы мемлекеттер делегацияларының басшыларымен жеке кездесулер өткізіп, ядролық қарусыздану және таратпау, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану бойынша ынтымақтастықты кеңейту саласындағы өзекті мәселелерді талқылады.

Сонымен қатар қазақстандық делегация басшысы ядролық қарусыздану жөніндегі Стокгольм бастамасының жоғары деңгейдегі кездесуіне қатысты. Іс-шара барысында бастамаға қатысушы мемлекеттер ядролық державалар және ядролық қаруы жоқ мемлекеттер арасындағы диалогты жолға қою, доктриналар мен қауіпсіздік саясатындағы ядролық қарудың рөлін төмендету, сондай-ақ толық ядролық қарусыздану бойынша пікір алмасты.

Ядролық қаруды таратпау туралы шарт (ЯҚТШ) БҰҰ Бас Ассамблеясымен 1968 жылғы 12 маусымда қабылданып, 1970 жылғы 5 наурызда күшіне енді. Бүгінгі таңда әлемнің 191 мемлекеті оның қатысушылары болып табылады. ЯҚТШ ережелерінің орындалуын шолу конференциялары 5 жыл сайын өткізіліп тұрады.