Қазақстан СІМ-де БҰҰ Бас Ассамблеясының Төрағасы Волкан Бозкырмен кездесу

Қазақстан СІМ-де БҰҰ Бас Ассамблеясының Төрағасы Волкан Бозкырмен кездесу

Нұр-Сұлтан, 2021 жылдың 9 шілдесі – Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Қазақстанға жұмыс сапарымен келген БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-ші сессиясының Төрағасы Волкан Бозкырмен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен БҰҰ-ның пандемияға және климаттың өзгеруіне қарсы күрес, орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу, жаһандық және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша ынтымақтастығын талқылап, халықаралық күн тәртібіндегі кең ауқымды мәселелер бойынша пікір алмасты.

БҰҰ Бас Ассамблеясының Төрағасы елімізде қабылданып жатқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруға бағытталған дағдарысқа қарсы шаралар мен реформалар туралы оң пікір білдіріп, қазақстандық QazVac вакцинасының әзірленуін құптады.

Сонымен қатар, В.Бозкыр Қазақстанның жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау, жаһандық биологиялық қауіпсіздікті нығайту, діни толеранттылық, гендерлік теңдік, теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдердің мүдделерін ілгерілету салаларындағы халықаралық қызметі мен бастамаларын, сондай-ақ еліміздің халықаралық қақтығыстарды шешу, Ауғанстан мен Орталық Азияның бірқатар елдеріне көмек көрсету жөніндегі күш-жігерін жоғары бағалады.

Сапар барысында БҰҰ Бас Ассамблеясының Төрағасын Мемлекет басшысы қабылдап, ҚР Парламенті Сенатының спикерімен кездесу өткізді.

2020 жылғы 17 маусымда Волкан Бозкыр БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясының Төрағасы болып сайланды. БҰҰ Бас Ассамблеясы БҰҰ-ның басты кеңесші, директивтік және өкілді органы және халықаралық мәселелердің барлық спектрін жан-жақты талқылауға арналған форум ретінде қызмет етеді.