Казахстан и Maersk обсудили расширение экспортных маршрутов через Средний коридор

Казахстан и Maersk обсудили расширение экспортных маршрутов через Средний коридор

Алматы қ., 2026 ж. 30 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Швеция Корольдігіндегі және Дания Корольдігіндегі Елшісі Олжас Сүлейменов «Қазақстанның экспорттық әлеуеті: контейнерлендіру – жаһандық нарықтарға жол» атты дөңгелек үстелге қатысты. Іс-шара «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ еншілес компаниясы – «KTZ Express» АҚ-ның ұйымдастыруымен және әлемдегі ірі көлік-логистикалық компаниялардың бірі «A.P.Moller – Maersk» (Дания) компаниясының қатысуымен өтті.

Іс-шараға Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Ә.Жанасова, ҚР Сауда және интеграция вице-министрі А.Әбілдабеков, ұлттық компаниялар мен ұйымдардың өкілдері, қазақстандық өндірушілер мен экспорттаушылар қатысты. Maersk делегациясын Шығыс Жерорта теңізі өңірі бойынша Басқарушы директоры Седеф Айхан басқарды.

Дөңгелек үстелді аша отырып, Ә.Жанасова отандық өндірушілердің экспорттық мүмкіндіктерін кеңейту, олардың жаңа халықаралық нарықтарға шығуы және Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін одан әрі дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті. Осы орайда қазақстандық экспорттың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және оны жаһандық жеткізу тізбектеріне интеграциялау үшін мемлекет, ұлттық компаниялар және халықаралық бизнес арасындағы тығыз өзара іс-қимылдың маңыздылығы атап өтілді.

Өз сөзінде О.Сүлейменов екіжақты қатынастардың жандануына және Дания Сыртқы істер министрі Ларс Лекке Расмуссеннің Қазақстанға алдағы ресми сапарына орай дат бизнесінің Қазақстанға қызығушылығы артып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, контейнерлендіру қазақстандық тауарлардың халықаралық нарықтарға неғұрлым тиімді әрі бәсекеге қабілетті шығуына мүмкіндік береді, ал Maersk секілді жаһандық компания қазақстандық экспорттаушыларды әлемдік жеткізу тізбектерімен байланыстыратын стратегиялық әріптес бола алады.

Талқылау барысында қатысушылар қазақстандық экспорттық жүктерді контейнерлендіруді кеңейтудің практикалық аспектілерін, жеткізудің перспективалы бағыттары мен маршруттарын, сондай-ақ отандық өнімді шетелдік нарықтарға шығару үшін Орта дәлізді неғұрлым тиімді пайдалану мүмкіндіктерін талқылады.

Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар қазақстандық экспорттаушылар, ұлттық компаниялар және Maersk арасындағы өзара іс-қимылды жалғастыруға, сондай-ақ контейнерлік тасымалдарды кеңейтуге және отандық өндірушілерді халықаралық жеткізу тізбектеріне интеграциялауға бағытталған практикалық логистикалық шешімдерді әзірлеуге мүдделілік танытты.

Анықтама: 2022 ж. сәуірде Maersk ірі жаһандық операторлардың арасында алғашқылардың бірі болып Сиань – Қазақстан – Каспий теңізі – Әзербайжан – Грузия – Қара теңіз – Румыния бағыты бойынша Орта дәліз арқылы тұрақты мультимодальды сервисті іске қосты. Одан әрі жүктер ЕО-ның басқа елдеріне жеткізіледі. Бұл қадам аталған бағыттың коммерциялық әлеуетін нарыққа іс жүзінде көрсетті.