
Стокгольм қ., 2026 ж. 18 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Швеция Корольдігіндегі Елшілігі Азия кинофестивалі аясында режиссер Думан Еркімбектің «Qaitadan» қазақстандық фильмінің көрсетілімін ұйымдастырды. Grand кинотеатрында өткен іс-шараға Швецияның мемлекеттік органдары мен іскер топтарының, дипломатиялық корпус пен БАҚ өкілдері, қазақ диаспорасы, сондай-ақ швед қоғамы қатысты.
Өзінің құттықтау сөзінде Қазақстанның Швециядағы Елшісі Олжас Сүлейменов қазақ мәдениетін шетелде насихаттау және екі ел арасындағы гуманитарлық байланыстарды нығайту ісіндегі кинематографияның маңызды рөлін атап өтті. Сонымен қатар, швед қоғамында ұлттық мәдениет пен дәстүрлерді кеңінен танытуға үлес қосып жүрген қазақ диаспорасының қызметіне ерекше назар аударылды.
«Qaitadan» фильмі уақыт тұзағына түсіп, төніп келе жатқан апаттың алдын алуға тырысқан жас жігіттің оқиғасын баяндайды. Қарқынды сюжет арқылы туынды жеке жауапкершілік, адамгершілік таңдау және жас ұрпақтың қоғам өміріндегі рөлі сияқты өзекті мәселелерді қозғайды.
Көрсетілім швед көрермендеріне заманауи қазақстандық кинематографиямен және оның тақырыптық алуандығымен танысуға мүмкіндік берді.
Іс-шара қазақ мәдениетін шетелде насихаттау және Қазақстан мен Швеция арасындағы мәдени байланыстарды нығайту жолындағы кезекті қадам болды.