Қазақстаннан келген оқушы Stockholm Junior Water Prize-де су тасқынының алдын алу жобасын ұсынды

Қазақстаннан келген оқушы Stockholm Junior Water Prize-де су тасқынының алдын алу жобасын ұсынды

Стокгольм қ., 2026 ж. 25 тамыз – Қазақстан Республикасының Швеция Корольдігіндегі Елшісі Олжас Сүлейменов Стокгольмде Дүниежүзілік су апталығы (World Water Week) аясында Швецияның Тақ мұрагері Виктория ханшайымының қамқорлығымен жыл сайын өткізілетін халықаралық Stockholm Junior Water Prize жастар сыйлығын табыстау рәсіміне қатысты.

Байқауда Қазақстанды Алматы қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы жекеменшік мектептің 9-сынып оқушысы Әділбай Әлтаир таныстырып, су тасқыны қаупі бар Қазақстан елді мекендеріне арналған «FloodSense» – қолжетімді көпсенсорлы ерте ескерту жүйесі жобасын ұсынды.

Жоба нақты уақыт режимінде су деңгейі мен ауа райы жағдайларын бақылауға, тәуекелдерді бағалауға және халыққа жедел хабарлауға мүмкіндік беретін қолжетімді датчиктер желісін, спутниктік деректерді, бұлтты технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын біріктіреді.

Қазақстандық оқушының осындай жоғары деңгейдегі халықаралық байқауға қатысуы Қазақстанның жас ұрпағы арасында ғылымға және өзекті экологиялық мәселелерді шешуге деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар бұл Қазақстанның халықаралық су күн тәртібін ілгерілету жөніндегі бастамаларымен, оның ішінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ аясында мамандандырылған халықаралық су ұйымын құру туралы бастамасымен мазмұндық тұрғыдан үйлеседі. Аталған бастама су ресурстарын жаһандық басқару жүйесін шоғырландыруға бағытталған.

Анықтама: Stockholm Junior Water Prize – Стокгольм халықаралық су институты (SIWI) Дүниежүзілік су апталығы аясында жыл сайын өткізетін беделді халықаралық байқау. Байқаудың жеңімпаздарына дәстүрлі түрде оның құрметті патроны – Швецияның Тақ мұрагері Виктория ханшайымы марапат табыстайды. Байқауға әлемнің 40-тан астам елінен мектеп оқушылары мен студенттер қатысады.