Қазақстан мен Швеция Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық жөніндегі екіжақты комиссия құрды

Қазақстан мен Швеция Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық жөніндегі екіжақты комиссия құрды

2026 ж. 10-12 маусым аралығында, Астана қ. – Швеция СІМ Сыртқы сауда мәселелері жөніндегі Мемлекеттік хатшысы Диана Янсе бастаған өкілді іскерлік делегациясының Қазақстан Республикасына сапары өтті.

Сапардың басты оқиғасы Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық жөніндегі қазақ-швед екіжақты комиссиясын құру туралы Меморандумға қол қою, сондай-ақ екі елдің мемлекеттік органдары, даму институттары мен іскер топтары өкілдерінің қатысуымен Комиссияның инаугурациялық отырысын өткізу болды. Комиссияның тең төрағалары ҚР өнеркәсіп және құрылыс Вице-министрі О.Сапарбеков пен Мемлекеттік хатшы Д.Янсе болды.

Швед делегациясының қатарына Epiroc, Volvo Trucks, Scania, Sandvik, SKF, ABB, Ericsson Elekta, AstraZeneca және т.б. сияқты жетекші компаниялар кірді.

Комиссияның бірінші отырысы барысында тараптар тау-кен металлургия кешені, сирек жер металдары, машина жасау, ауыл шаруашылығы, фармацевтика және медициналық технологиялар, орнықты даму және цифрландыруды қоса алғанда, басым секторлардағы ынтымақтастықтың ағымдағы жай-күйі мен перспективаларын талқылады. Epiroc, Sandvik, Scania, Volvo Trucks және Väderstad сияқты швед компанияларының қатысуымен жобаларды іс жүзінде ілгерілетуге ерекше назар аударылды.

Тараптар комиссия құру қазақ-швед экономикалық диалогын институционализациялаудағы маңызды қадам болғанын атап өтті. Жаңа формат бірлескен бастамаларды сүйемелдеудің, практикалық кедергілерді жоюдың және салалық өзара іс-қимылды тереңдетудің пәрменді тетігі болуға арналған.

Сапар аясында Д.Янсе 16-шы Халықаралық тау-кен металлургия конгресі (AMM 2026) шеңберінде «Тау-кен металлургия кешеніндегі ынтымақтастықты дамыту мәселелері бойынша Халықаралық диалог» жоғары деңгейдегі панельдік пікірталаста сөз сөйледі.

Сапар бағдарламасы ҚР бейінді мемлекеттік органдарының басшылығымен бірқатар екіжақты кездесулерді қамтыды. Атап айтқанда, ҚР Президентінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесшісі А.Цоймен, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Е.Нағаспаевпен, Сауда және интеграция министрі А.Шаққалиевпен, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрі А.Әлназаровамен кездесулер өтті.

ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ә.Қуантыровпен жекелеген келіссөздер жүргізілді, оның барысында тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықтың перспективаларын, жаңа Комиссия желісі бойынша қадамдарды үйлестіруді және өнеркәсіптік кооперация саласындағы бірлескен жобаларды іске асыруды талқылады.

Анықтама: 2025 ж. Қазақстан мен Швеция арасындағы сауда айналымы 361,7 млн. АҚШ долларын құрап, 2024 ж. ұқсас кезеңмен салыстырғанда 10,2%-ға өскенін көрсетті (328,3 млн. АҚШ). Экспорт – 76 млн. АҚШ долл., импорт – 285,7 млн. АҚШ.

ҚР-да денсаулық сақтау, телекоммуникациялық технологиялар, энергетика және қоршаған орта, көлік, ауыл шаруашылығы, өндіруші өнеркәсіп, қауіпсіздік, білім беру және т. б. салаларда қызметті жүзеге асыратын Швед капиталының қатысуымен 60 компания ұсынылған.

ҚР ҰБ деректері бойынша Швециядан Қазақстанға ТШИ 2005-2025 жылдар аралығында 705,6 млн. АҚШ долл құрады, 2025 жылдың қорытындысы бойынша ҚР-ға 29,9 млн. АҚШ долл. ТШИ (-37,4%) тартылды.