
Ведерстад қ., 2026 ж. 23 наурыз – ҚР Өнеркәсіп және құрылыс Вице-министрі Олжас Сапарбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы Вице-министрі Азат Сұлтанов және «АгромашХолдинг KZ» АҚ Президенті Динара Шүкіжанова швед компаниясының «Väderstad» (жоғары технологиялық ауыл шаруашылығы техникасын әлемдегі жетекші өндірушілердің бірі) штаб-пәтерінде болды. Сондай-ақ, делегацияның құрамына «АгромашХолдинг KZ» АҚ және Қазақстандағы Väderstad компаниясының ресми дистрибьютері «Eurasia Group Kazakhstan» ЖШС кірді.
Швециядағы Қазақстанның Елшісі Олжас Сүлейменов бұл сапардың компаниямен ынтымақтастықты кеңейту бойынша бұрын қол жеткізілген уағдаластықтардың қисынды жалғасы, сондай-ақ Қазақстанда Väderstad брендінің техника өндірісін оқшаулау жөніндегі бастаманы ілгерілетудегі практикалық қадам болғанын атап өтті.
Компанияның Президенті және Бас директоры Хенрик Гилстрингпен, сондай-ақ компаниясының тең иесі және Директорлар кеңесінің мүшесі Кристина Старкпен кездесу аясында тараптар өнеркәсіптік ынтымақтастықты тереңдету перспективаларын жан жақты талқылады.
Өз кезегінде Вице-министрлер О.Сапарбеков пен А.Сұлтанов швед әріптестерін ұлттық экономиканың негізгі секторларының бірі ретінде экономиканы әртараптандыруға және агроөнеркәсіптік кешенді технологиялық жаңғыртуға арналған стратегиялық бағытты іске асыру бойынша Қазақстанда жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті. Инвестицияларды тартуға және өндірістік кооперацияны дамытуға бағытталған субсидиялау тетіктерін, салықтық және кедендік преференцияларды қоса алғанда, саланы мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы шараларына ерекше назар аударылды.
«АгромашХолдинг KZ» АҚ Президенті Динара Шүкіжанова компания қызметінің негізгі бағыттарын, оның өндірістік құзыреттері мен шетелдік әріптестермен кооперацияны дамыту үшін индустриялық платформа ретіндегі әлеуетін таныстырды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара іс-қимылдың нақты бағыттары бойынша пәндік диалогты жалғастыруға өзара мүдделілігін растады.
Анықтама: Väderstad AB – Руне және Сив Старк 1962 ж. Швецияда құрған жеке отбасылық компаниясы. Отбасының екінші және үшінші ұрпақтары басқарады. 40-тан астам елдегі фермерлер сұранысқа ие жоғары дәлдіктегі және берік тырмаларды, дәл себу сепкіштерін және қатарлы сепкіштерді өндіруде әлемдік көшбасшылардың бірі болып табылады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша компанияның кірісі шамамен €550 млн құрады.