Қазақстан сауда-экономикалық қатынастарды Швециямен нығайтуда

Қазақстан сауда-экономикалық қатынастарды Швециямен нығайтуда

2025 ж. 9 желтоқсан, Стокгольм қ. – Қазақстан Республикасының Швеция Корольдігіндегі Елшісі Олжас Сүлейменов Швеция Ұлттық сауда кеңесінің Бас директоры Андерс Анлидпен кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдетудің қазіргі жағдайы мен перспективаларын талқылады.

Елші О.Сүлейменов Швеция Қазақстанның Солтүстік Еуропа елдері арасындағы ең ірі сауда серіктесі болып табылатынын атап өтті. 2024 жылдың қорытындысы бойынша өзара тауар айналымы $327,4 млн құрады. Осыған байланысты ол екіжақты сауданы одан әрі арттырудың, жеткізілімдердің тауар номенклатурасын әртараптандырудың, соның ішінде қазақстандық өнімнің швед нарығында болуын кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.

А.Анлид Қазақстанның қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыру жөніндегі күш-жігерін оң бағалады және Ұлттық сауда кеңестің қазақстандық бизнестің ЕО және Швеция нарықтарына неғұрлым белсенді шығуына жәрдемдесуге әзірлігін білдірді. Ол экспорттық құзыреттілікті арттыруға және компанияларды еуропалық нарықтардың талаптарына дайындауға бағытталған «Road to Export» платформасын ұсынды, сондай-ақ консультациялар мен вебинарлар форматында сараптамалық және талдамалық қолдауды ұсынды.

Тараптар сындарлы диалогты жалғастыруға және Агенттік өткізетін тақырыптық сараптамалық іс-шараларға Қазақстандағы мүдделі ұйымдар мен компаниялардың қатысуын пысықтауға уағдаласты.

Анықтама: Швецияның ұлттық сауда кеңесі (Kommerskollegium) – сыртқы сауданы дамытуға, ЕО ішкі нарығының жұмыс істеуіне және сауда саясатын талдауға жауапты мемлекеттік агенттік. Агенттік бизнеске консультациялық қолдау көрсетеді, сауда кедергілерін жоюға және алдын алуға жәрдемдеседі, сондай-ақ кәсіпорындардың еуропалық нарықтарға интеграциялануына және дамушы елдердің халықаралық сауда саласындағы әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.