Қазақстан–Дания ынтымақтастығы жаңа деңгейге шықты

Қазақстан–Дания ынтымақтастығы жаңа деңгейге шықты

Копенгаген, 2025 жылғы 26-28 қараша – Қазақстан Республикасы мен Дания Корольдігі арасындағы саяси диалогты нығайту және практикалық өзара іс-қимылды кеңейту мақсатында Қазақстанның Даниядағы Елшісі Олжас Сүлейменов Копенгаген қаласына жұмыс сапарымен барды.

Сапар барысында Данияның ең ірі трансұлттық корпорацияларының бірі – Carlsberg Group компаниясының басшылығымен кездесу өтті. Тараптар компанияның Қазақстандағы инвестициялық қызметін кеңейту, өндірістік қуаттарды жаңарту және ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын қарастырды.

Сонымен қатар, LEGO Group компаниясының басшылығымен мазмұнды келіссөздер өтіп, Қазақстанда инновациялар, инженерлік дағдылар және білім беру әдістемелері саласындағы ықпалдастық перспективалары талқыланды.

Экономикалық трек аясында Қазақстан Елшісі Дания өнеркәсіп конфедерациясының басшылығымен кездесу өткізді, онда сауда-экономикалық өзара іс-қимылды кеңейту, өнеркәсіптік кооперацияны тереңдету және дат компанияларын Қазақстандағы инфрақұрылымдық және технологиялық жобаларды іске асыруға тарту мәселелері қарастырылды.

Бағдарламаның негізгі элементінің бірі – Дания Сыртқы істер министрлігіндегі келіссөздер болды. Қазақстан Елшісі Дания Мемлекеттік хатшысының орынбасары – СІМ-нің Саяси директоры Е.Барлосемен, сондай-ақ Дания СІМ-нің Еуропалық көршілестік департаментінің директоры П.Лассенмен кездесті. Тараптар екіжақты қатынастардың қазіргі жағдайын, халықаралық ұйымдардағы өзара іс-қимылды, сондай-ақ орнықты даму мәселелерін талқылады. Қазақстан-Дания диалогының конструктивті сипаты атап өтіліп, саяси, экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі ілгерілетуге әзірлік білдірілді.

Жұмыс сапары аясында Қазақстан Елшісі Дания Салық министрлігінің басшылығымен де кездесті. Келіссөздердің өзегінде салықтық әкімшілендіру, кәсіпкерлік қызметті реттеу және мемлекеттік қызметтерді цифрландыру салаларындағы озық тәжірибемен алмасу мәселелері болды.

Сапар барысында Қазақстан Елшісі «FC Copenhagen» – «FC Kairat» ойынына қатысып, оған дейін Даниядағы қазақ диаспорасының өкілдерімен кездесті. Олардың мәдени өзара ықпалдастықты ілгерілетуге және еліміздің шетелдегі жағымды бейнесін қалыптастыруға қосқан белсенді үлесі атап өтілді. Жастар бастамаларын, мәдени жобаларды және ағартушылық бағдарламаларды қамтитын әрі қарайғы өзара іс-қимылды тереңдету жоспарлары талқыланды.