
Копенгаген, 2025 жылғы 26 қараша – «Christiansborg» сарайында Қазақстан Республикасының Елшісі Олжас Сүлейменовтің Дания Королі Фредерик X-ға сенім грамоталарын тапсыру рәсімі өтті.
Рәсім барысында Қазақстан Елшісі Жоғары Мәртебеліге Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемдері мен ізгі тілектерін жеткізіп, Қазақстанның Даниямен ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге бейілді екенін атап өтті.
Рәсімнен кейін өткен әңгіме барысында тараптар Қазақстан-Дания қарым-қатынасының қазіргі жағдайы мен келешегін талқылады. Қазақстан мен Дания арасындағы байланыстардың қарқынды дамып келе жатқаны, өзара сенім мен құрметке негізделгені атап өтілді.
Қазақстан Елшісі Фредерик X-ға Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының басымдықтары, соның ішінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың іске асырылуы жөнінде ақпарат берді.
Әңгіме барысында экология және климат мәселелеріне айрықша назар аударылды. «Жасыл көшу» тақырыптары, сондай-ақ Жоғары Мәртебелінің патронажымен жүзеге асырылатын Данияның ұлттық «State of Green» жобасы талқыланды. Король Қазақстанның экология және тұрақты даму саласындағы саясатына ерекше қызығушылық танытты.
Тараптар сондай-ақ Арал және Каспий теңіздерінің экожүйелерін сақтау мәселелері бойынша пікір алмасты, су және климат саласындағы сын-тегеуріндерді шешуде халықаралық ынтымақтастықтың маңызын атап өтті.
Сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейтуге, сондай-ақ білім беру, ғылыми зерттеулер және климаттық тұрақтылық салаларындағы өзара іс-қимылға ерекше көңіл бөлінді. Екі елдің іскер топтары мен ғылыми орталықтары арасындағы байланыстарды нығайтудың маңызы атап өтілді.
Жоғары Мәртебелі Король Фредерик X Қазақстан халқы мен Президентіне өзінің ең ізгі тілектерін жеткізіп, екіжақты қатынастардың оң динамикасын атап өтті және Елшіге табысты дипломатиялық қызмет тіледі.