Қазақстан мен Швеция Тұрақты Ауыл Шаруашылығы және Аграрлық Инновациялар Саласындағы Әріптестікті Жандандыруда

Қазақстан мен Швеция Тұрақты Ауыл Шаруашылығы және Аграрлық Инновациялар Саласындағы Әріптестікті Жандандыруда

Стокгольм қ., 2025 ж. 2 қазан – 2025 жылғы 1-2 қазан аралығында Ауыл шаруашылығы Вице-министрі Е.Тасжүреков бастаған қазақстандық делегацияның Швецияға жұмыс сапары өтті. Делегация құрамына Ауыл шаруашылығы министрлігінің, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің, сондай-ақ Қазақ ауыл шаруашылығы және Өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының өкілдері кірді.

Сапар аясында вице-министр Швецияның Ауыл шаруашылығы және инфрақұрылым министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Даниэль Лильебергпен келіссөздер жүргізді. Тараптар өзара сауданы кеңейту, ғылыми ынтымақтастықты дамыту және бірлескен жобаларды іске асыру, сондай-ақ Қазақстанның АӨК-ін цифрландыру мен жаңғыртуда швед тәжірибесін қолдану мәселелерін талқылады.

Сапардың бағдарламасында Швецияның жетекші ғылыми-зерттеу және технологиялық орталықтарымен тәжірибе алмасуға ерекше назар аударылды. Қазақстандық делегация Уппсаладағы Швеция ауыл шаруашылығы ғылымдары университетінде (SLU) болып, онда озық білім беру және зерттеу бағдарламаларымен, сондай-ақ тұрақты және экологиялық бағдарланған ауыл шаруашылығы саласындағы инновациялық шешімдермен танысты. Екі елдің бейінді жоғары оқу орындары арасында бірлескен білім беру бастамаларын іске қосу және академиялық ұтқырлықты кеңейту перспективалары талқыланды.

Сонымен бірге, сапар аясында Қазақстаннан келген делегация SLU агроэкологиялық далалық эксперименттер полигонына шығу, сондай-ақ мал шаруашылығындағы процестерді автоматтандыруға маманданған Envirologic AB компаниясының өндірістік алаңына барды.

Сапардың басты іс-шарасы Швеция Корольдік ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы академиясының тарихи ғимаратында өткен қазақ-швед дөңгелек үстеліне қатысу болды. Дөңгелек үстелдің жұмысында мемлекеттік құрылымдардың, Еуразия елдері бойынша швед сауда-өнеркәсіп палатасының, сондай-ақ швед компанияларының өкілдері қатысты. Өз сөзінде вице-министр Е.Тасжуреков Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақында ел халқына Жолдауында белгіленген Қазақстанның аграрлық саясатының басымдықтарын ұсынды. Мемлекет басшысы агроөнеркәсіптік кешенді ұлттық дамудың стратегиялық драйверлерінің бірі ретінде атап өтіп, жасанды интеллект, спутниктік мониторинг және цифрлық платформаларды фермерлік шаруашылықтарды басқару мен өнімділікті болжауға енгізу қажеттілігіне назар аударды.

Сондай-ақ, вице-министрдің Швеция ауыл шаруашылығы министрінің саяси кеңесшісі А.Дроттьямен, Väderstad (ауыл шаруашылығы техникасының жетекші еуропалық өндірушілерінің бірі) компаниясының басшылығымен, Қазақстанда ThermoSeed® тұқымдарын өңдеудің озық технологиясын енгізетін, елдер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдесетін Acanova және Trade Scandinavia басшылығымен екіжақты кездесулері өтті.

Швецияға сапар тараптардың аграрлық саладағы ынтымақтастықты тереңдетуге деген өзара қызығушылығын растады және одан әрі практикалық өзара іс-қимылдың берік негізін қалады.