Стокгольм, 2025 жылғы 8 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Швеция Корольдігіндегі Елшісі Олжас Сүлейменов Швеция Сыртқы істер министрлігінің Шығыс Еуропа және Орталық Азия департаментінің директоры Тобиас Тюбергпен кездесу өткізді.
Сұхбат барысында Қазақстан мен Швеция арасындағы екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша мазмұнды пікір алмасу өтті. Тараптар парламентаралық диалог пен сауда-экономикалық ынтымақтастықтың дәйекті даму қарқынын, сондай-ақ іскерлік орта тарапынан бірлескен жобаларды жүзеге асыруға деген тұрақты қызығушылықты ризашылықпен атап өтті.
Елші Сүлейменов Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халқына арнаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауының негізгі тезистерімен таныстырды. Ол институционалдық реформаларға, цифрлық трансформацияның стратегиялық басымдықтарына, соның ішінде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің құрылуына, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібін дамытуға басымдық берілген инвестициялық саясатқа ерекше назар аударды.
Швед тарапы Жолдауда ұсынылған саяси және экономикалық реформаларға, атап айтқанда бір палаталы Парламент құру және 2027 жылы жалпыұлттық референдум өткізу бастамасына, сирек кездесетін металдары саласында жоғары технологиялық өндірістерді іске қосу, Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту және атом электр станцияларын салу жоспарларына айрықша қызығушылық танытты.
Сонымен қатар ү.ж. мамыр айында Стокгольмде өткен қазақ-швед іскерлік дөңгелек үстелінің қорытындылары және маусымда Швеция Сыртқы істер министрлігінің Сауда саясаты жөніндегі бас директоры Камила Мелландер ханымның Астанаға жасаған сапары аясында келісілген нақты практикалық қадамдар талқыланды. Әсіресе машина жасау, тау-кен өнеркәсібі, сирек кездесетін металдары, ауыл шаруашылығы және инновациялар салаларындағы серіктестіктерді дамыту перспективаларына баса назар аударылды. Тараптар әртүрлі деңгейдегі өзара сапарларды ұйымдастыру, сауда-экономикалық өзара іс-қимылды институционализациялау тетіктерін әзірлеу, сондай-ақ шарттық-құқықтық базаны кеңейту бағытындағы мәселелерін жан-жақты қарастырды.