2025 жылғы 30 маусым, Стокгольм – Қазақстан Республикасының Швеция Корольдігіндегі Елшісі Олжас Сүлейменов Швеция Сыртқы істер министрлігінің Сауда саясаты жөніндегі бас директоры Камила Мелландермен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар К.Мелландер бастаған өкілді швед делегациясының Астана қаласына 16-шы Халықаралық тау-кен металлургия конгресіне қатысу аясында жасаған жуырдағы сапарының қорытындыларын талқылады. Сапар барысында теміржол станцияларында өндіріс өнімділігін арттыру және қауіпсіздікті қамтамасыз ету, аэронавигация және орнықты технологиялар салаларындағы негізгі салалық ведомстволар мен ұйымдармен кездесулер өтті. Бұл өзара практикалық ынтымақтастықты тереңдетудің нақты бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.
Елші О. Сүлейменов Қазақстан Швецияны Солтүстік Еуропадағы басым экономикалық әріптестерінің бірі ретінде қарастыратынын және швед компанияларымен орнықты әрі ұзақмерзімді өзара іс-қимылға айрықша мән беретінін атап өтті. Ол К.Мелландер ханымның Астанаға сапары, сондай-ақ биылғы мамыр айында Стокгольмде өткен қазақ-швед іскерлік дөңгелек үстелі швед бизнесінің қазақстандық нарыққа деген қызығушылығының артып келе жатқанын және машина жасау, тау-кен өндіру өнеркәсібі, жаңартылатын энергетика, ауыл шаруашылығы мен IT секторы сияқты салалардағы серіктестікті кеңейтуге елеулі әлеует бар екенін айқын көрсеткенін атап өтті.
Кездесу соңында тараптар екіжақты өзара іс-қимылды жандандыруға бағытталған нақты қадамдарды, соның ішінде сапарлармен алмасу мен сауда-экономикалық диалогты институционализациялау тетіктерін пысықтау мәселелерін талқылады.