2025 жылғы 27-28 мамыр, Стокгольм – Швеция астанасының тарихи Sjöfartshuset (Теңізшілер үйі) ғимаратында «Орталық Азия, Еуропа және Солтүстік елдер: мүмкіндіктер мен сын-қатерлер» тақырыбында сараптамалық семинар өтті. Іс-шараны Қауіпсіздік және даму саясаты институты (ISDP) ұйымдастырды. Семинарға Швеция Сыртқы істер министрлігінің, дипломатиялық корпустың, Швеция, Норвегия, Финляндия, Өзбекстан сараптамалық орталықтарының өкілдері, сондай-ақ Орталық Азия өңірі бойынша халықаралық мамандар қатысты. Қазақстан тарапынан шараға Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) мен Қазақстанның Швециядағы Елшілігі қатысты.
Семинардың ашылуында Қауіпсіздік және даму саясаты институтының директоры Сванте Корнелл Орталық Азия мемлекеттерінің маңыздылығы артып келе жатқанын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бұл өңірді бұрынғы геосаяси клишелер тұрғысынан – мемлекеттер тек пассивті «шахмат фигуралары» ретінде қарастырылатын көзқарас аясында бағалау қазіргі заман талабына сай келмейді. Керісінше, Орталық Азия өз мүдделерін дербес айқындайтын және жаһандық күн тәртібін қалыптастыруға белсенді түрде үлес қосып жатқан өсіп келе жатқан орта державалар өңіріне айналуда.
ҚСЗИ-нің Азиялық зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы Әлия Мұсабекова «Жаңа Орталық Азия» – өңірлік ынтымақтастық нығайып, қауіп-қатерлерге деген ортақ көзқарас қалыптасып, ұжымдық бірегейлік дамып жатқан аймақ туралы көзқарасын ұсынды. Бұл үдерістің негізгі факторлары ретінде келесілер аталды: өсіп келе жатқан геосаяси және экологиялық сын-қатерлер, соның ішінде Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі; Орта дәліз жобасы мен Қытай–Қырғызстан–Өзбекстан теміржол желісі сияқты көлік байланыстарының кеңеюі; сондай-ақ жастардың өңірдегі мәдени және әлеуметтік трансформацияның қозғаушы күші ретіндегі рөлі.
Семинар аясында Қазақстанның Швециядағы Елшілігінің кеңесшісі Арнұр Ғабдуллин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатына негізделген саяси бағыты аясында елде жүзеге асырылып жатқан ауқымды институционалдық және экономикалық реформалардың барысын баяндады. Ол демократиялық институттарды нығайту, адам құқықтарын қорғау, Парламенттің өкілеттіктерін кеңейту, Президент өкілеттігінің бір жеті жылдық мерзіммен шектелуі және орнықты, инклюзивті, әртараптандырылған экономиканы қалыптастыру жөніндегі шараларды ерекше атап өтті.
Талқылау барысында қатысушылар Орталық Азия елдеріндегі институционалдық және әлеуметтік-экономикалық реформалардың перспективаларын, Еуропалық одақпен сындарлы шикізат ресурстары саласындағы ынтымақтастық әлеуетін, Солтүстік Еуропа өзара іс-қимыл модельдерінің қолдану мүмкіндіктерін, сондай-ақ Орталық Азия, ЕО және Солтүстік Еуропа елдері арасындағы серіктестікті нығайту мәселелерін талқылады.