Қазақстанның Швециядағы Елшісі халықаралық даму саласындағы ынтымақтастық перспективаларын SIDA басшылығымен талқылады

Қазақстанның Швециядағы Елшісі халықаралық даму саласындағы ынтымақтастық перспективаларын SIDA басшылығымен талқылады

Стокгольм, 2025 жылғы 22 мамыр – Швецияның Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі агенттігінің (SIDA) штаб-пәтерінде Қазақстанның Швециядағы Елшісі Олжас Сүлейменов пен SIDA Бас директоры Якоб Граниттің кездесуі өтті. Тараптар Қазақстан мен Швеция арасындағы ресми даму көмегі (РДК) саласындағы ынтымақтастықты нығайту әлеуетін және Орталық Азия мен оның шегінен тыс жерлерде бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.

Кездесу барысында Елші О.Сүлейменов SIDA-ның тұрақты дамуға қол жеткізу, гуманитарлық көмек көрсету және өңірлік ынтымақтастықты қолдау жөніндегі жаһандық күш-жігердегі маңызды рөлін атап өтті. Қазақстанда РДК жүйесінің белсенді дамуын ескере отырып, SIDA мен Қазақстанның халықаралық даму агенттігі (KazAID) арасында әріптестік орнатуға қызығушылық білдірілді.

Кездесу аясында екіжақты өзара іс-қимылдың перспективалық бағыттары талқыланды. Қазақстан Елшісі сындарлы диалог үшін алғысын білдіріп, Қазақстанның SIDA-мен жүйелі және ұзақ мерзімді әріптестікті дамытуға мүдделі екенін атап өтті. Орталық Азия өңірі үшін бұл тақырыптың өзектілігін ескере отырып, су ресурстарын орнықты басқару мәселелеріне ерекше назар аударылды. Тараптар ынтымақтастықтың ықтимал форматтарын жұмыс деңгейінде талқылауды жалғастыруға келісті.

Анықтама үшін:

SIDA (Swedish International Development Cooperation Agency) – Швецияның халықаралық көмегін басқару және үйлестіру үшін жауапты мемлекеттік агенттігі. Агенттік Швеция Сыртқы істер министрлігінің жетекшілігімен жұмыс істейді және кедейлікті азайтуға, адам құқықтарын қорғауға, демократиялық дамуға және дамушы елдердегі орнықты дамуға бағытталған жобалармен айналысады. SIDA әлемнің 35-тен астам елінде, әсіресе Африка, Азия, Латын Америкасы және Шығыс Еуропа аймақтарында жұмыс істейді.

KazAID — Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің жанынан 2020 жылы құрылған, Орталық Азия елдерінде жобаларды жүзеге асыратын және KOICA (Оңтүстік Корея), JICA (Жапония), TIKA (Түркия), AFD (Франция) және басқа да халықаралық агенттіктермен ынтымақтастық жасайтын агенттік. Агенттік 2015 жылдан бастап Қазақстан шақырылған қатысушы мәртебесіне ие болған ЭЫДҰ-ның Дамуға жәрдемдесу комитетімен тұрақты түрде өзара іс-қимыл жасайды.