Копенгаген, 2025 жылғы 26 қараша – «Christiansborg» сарайында Қазақстан Республикасының Елшісі Олжас Сүлейменовтің Дания Королі Фредерик X-ға сенім грамоталарын тапсыру рәсімі өтті.
Рәсім барысында Қазақстан Елшісі Жоғары Мәртебеліге Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемдері мен ізгі тілектерін жеткізіп, Қазақстанның Даниямен ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге бейілді екенін атап өтті.
Рәсімнен кейін өткен әңгіме барысында тараптар Қазақстан-Дания қарым-қатынасының қазіргі жағдайы мен келешегін талқылады. Қазақстан мен Дания арасындағы байланыстардың қарқынды дамып келе жатқаны, өзара сенім мен құрметке негізделгені атап өтілді.
Қазақстан Елшісі Фредерик X-ға Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының басымдықтары, соның ішінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың іске асырылуы жөнінде ақпарат берді.
Әңгіме барысында экология және климат мәселелеріне айрықша назар аударылды. «Жасыл көшу» тақырыптары, сондай-ақ Жоғары Мәртебелінің патронажымен жүзеге асырылатын Данияның ұлттық «State of Green» жобасы талқыланды. Король Қазақстанның экология және тұрақты даму саласындағы саясатына ерекше қызығушылық танытты.
Тараптар сондай-ақ Арал және Каспий теңіздерінің экожүйелерін сақтау мәселелері бойынша пікір алмасты, су және климат саласындағы сын-тегеуріндерді шешуде халықаралық ынтымақтастықтың маңызын атап өтті.
Сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейтуге, сондай-ақ білім беру, ғылыми зерттеулер және климаттық тұрақтылық салаларындағы өзара іс-қимылға ерекше көңіл бөлінді. Екі елдің іскер топтары мен ғылыми орталықтары арасындағы байланыстарды нығайтудың маңызы атап өтілді.
Жоғары Мәртебелі Король Фредерик X Қазақстан халқы мен Президентіне өзінің ең ізгі тілектерін жеткізіп, екіжақты қатынастардың оң динамикасын атап өтті және Елшіге табысты дипломатиялық қызмет тіледі.
25 қараша ж., Лунд қ. – Қазақстан мен Швеция арасындағы өңірлік ынтымақтастықты дамыту шеңберінде Қазақстан Республикасының Швеция Корольдігіндегі Елшісі О.Сүлейменов Лунд қаласына жұмыс сапарымен барды.
Сапар бағдарламасы Елшінің Лунд қаласының мэрі А.Алмгренмен кездесуінен басталды. Әңгімелесу барысында ынтымақтастық перспективалары, орнықты және «ақылды» қалалық шешімдерді енгізу, жасыл технологиялар мен инновациялық инфрақұрылымды дамыту мәселелері талқыланды. Екі елдің технологиялық парктері мен инновациялық экожүйелері арасындағы ықтимал өзара іс-қимылға, оның ішінде іскерлік, зерттеу және білім беру іс-шараларын ұйымдастыруға ерекше назар аударылды.
Бұдан әрі Қазақстан Елшісі Лунд университетінің профессорларымен келіссөздер жүргізді. Лунд университеті гидрология, су ресурстарын басқару, гидрологиялық модельдер және климаттық аналитика салаларында Еуропаның жетекші ғылыми орталықтарының бірі болып табылады. Оның зерттеу топтары су мониторингінің цифрлық технологияларын әзірлеу, су тасқынын болжау және гидрологияда жасанды интеллектті қолдану бағыттарында алдыңғы позицияларды иеленеді.
Талқылау барысында тараптар су технологиялары, климаттық зерттеулер, цифрлық аналитика және кадрлар даярлау салаларындағы ынтымақтастықтың айтарлықтай әлеуетін атап өтті. Академиялық ұтқырлықты кеңейту және су секторын цифрландыру жөніндегі перспективалық бастамаларды қоса алғанда, бірлескен зерттеу жобаларын іске асыру мәселелері жеке қарастырылды.
Сапардың қорытынды бөлімінде Елші Лунд университетінің қазақстандық магистранттары және докторанттарымен кездесті. Академиялық бейімделу, студенттердің ғылыми және мәдени бастамаларға қатысуы, сондай-ақ олардың Елшілікпен одан арғы өзара іс-қимылы мәселелері талқыланды.
Сапар қорытындылары бойынша академиялық, муниципалдық, инновациялық және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға өзара қызығушылық расталды.
Анықтама: Лунд университеті 1666 жылы құрылған, қазіргі Швеция аумағындағы екінші ежелгі университет. Университетте жеті факультет бар, онда 50 түрлі мамандық және 800 жеке курс шеңберінде 34 мыңнан астам студент білім алады. Лунд университеті кең ауқымды ғылыми зерттеулер жүргізетін университеттерді біріктіретін Universitas21 әлемдік желісінің құрамына кіреді.
Стокгольм қ., 23 қараша 2025 ж. – Қазақстанның Швециядағы Елшілігі «Dostar» атты қазақстандық қауымдастығымен бірігіп «Medborgarskolan Stockholmsregionen» ассоциациясының ғимаратында Республика күніне орай қабылдау өткізді.
Қазақстан Республикасының Швеция Корольдігіндегі Елшісі Олжас Сүлейменов өз құттықтау сөзінде Республика күні – бұл Қазақстанның тәуелсіздігі мен бірлігінің, сондай-ақ елдің дамуға және әлемге ашық болуға деген ұмтылысының символы екенін атап өтті. Бұл мереке әрбір қазақстандық қай жерде болса да өз елінің имиджін ілгерілетуге үлес қосатынын еске салады.
Диаспорының өкілдері концерттік бағдарлама ұсынып, ұлттық әндер, Н.Тілендиевтің, Құрманғазының және К.Күмісбековтың шығармаларын орындады. Сондай-ақ, Қауымдастықтың мүшесі А.Әбдірахман ұйымдастырған балалар би тобы «Қамажай» биін орындады.
Көрермендер орындаудың жоғары деңгейін атап өтіп, әртістердің қойылымдарын жылы қабылдады.
Копенгаген, 2025 ж. 28-29 қазан – ҚР Елшісі Олжас Сүлейменов Данияға жұмыс сапарымен барып, оның аясында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) Еуропалық өңірлік комитеті 75-ші сессияның жұмысына қатысты, сондай-ақ Данияның Сыртқы істер министрлігінде кездесулер өткізді.
«Негіздерге оралу» ұранымен өткен мерейтойлық сессияның негізгі тақырыбы ДДСҰ-ның 2026-2030 жылдарға арналған жұмыстардың екінші еуропалық бағдарламасын бекіту болды.
Пленарлық отырысының аясында Елші О.Сүлейменов Қазақстанның ДДСҰ мақсаттарына және өңірлік күн тәртібінің негізгі басымдықтарына бейілділігін растап, елдің алғашқы медициналық-санитарлық көмекті (АМСК) нығайтудағы, денсаулық сақтау қызметтерімен жалпы қамтуды кеңейтудегі, медицинаны цифрлық трансформациялаудағы және халықты иммундаумен қамтудағы ілгерілеуін атап өтті. Ол ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың АМСК-ты дамыту жөніндегі елдердің жаһандық коалициясын құру жөніндегі бастамасын жеке атап өтіп, ДДСҰ-ға мүше мемлекеттерді осы платформаға белсенді қатысуға шақырды.
Сессияның барысында Елші ДДСҰ Еуропалық өңірлік бюросының директоры доктор Ханс Клюггемен кездесу өткізді. Тараптар Қазақстан мен ДДСҰ Еуропалық бюросы арасындағы өзара іс-қимылдың одан әрі бағыттарын талқылады.
Сапар барысында Елші О.Сүлейменов Дания СІМ Протоколдың басшысы Анна Дорте Риггельсенге сенім грамоталарының көшірмелерін табыс етті және Дания Королі Фредерик Х-тің алдағы ресми қабылдауына қатысты ұйымдастырушылық мәселелерді талқылады.
Дания СІМ Еуропалық көршілік департаментінің директоры Питер Лассенмен кездесу барысында тараптар «жасыл» энергетика, көлік және логистика, тұрақты ауыл шаруашылығы, су ресурстарын басқару және цифрландыру салаларындағы өзара іс-қимылды қоса алғанда, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту перспективаларын талқылады. Сондай-ақ, Қазақстанның Еуропалық Одақпен диалогын дамытуды қоса алғанда, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасу өтті.
Вадерштад қ., 2025 ж. 16 қазан – Швециядағы Қазақстанның Елшісі Олжас Сүлейменов швед компаниясының «Väderstad» (жоғары технологиялық ауыл шаруашылығы техникасын әлемдегі жетекші өндірушілердің бірі) штаб-пәтерінде болды. Сондай-ақ, делегацияның құрамына «АгромашХолдинг KZ» АҚ және «Eurasia Group Kazakhstan» ЖШС (Қазақстандағы Väderstad компаниясының ресми дистрибьютері) кірді.
Компанияның Президенті және Бас директоры Хенрик Гилстрингпен кездесу аясында тараптар Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады.
Елші 20 миллион гектардан астам егістік алқабы бар Қазақстан озық агротехнологияларды енгізуді аграрлық секторды жаңғырту мен тиімділігін арттырудың маңызды құралы ретінде қарастыратынын атап өтті.
Сапар барысында делегация әртүрлі топырақ-климаттық жағдайларда пайдалану кезінде сенімділігімен, әмбебаптығымен және үнемділігімен ерекшеленетін топырақты егу және өңдеу үшін техника шығарудың өндірістік процесімен танысты. Бұл әсіресе Қазақстанның ауыл шаруашылығы қажеттіліктерін ескере отырып өзекті.
Сапар қорытындысы бойынша тараптар инновациялық ауыл шаруашылығы машина жасау саласында практикалық өзара әрекеттесуді дамытуға және тәжірибе алмасуға мүдделілігін растады.
Анықтама: 40-тан астам елде фермерлер сұранысқа ие 1962 ж. құрылған Väderstad компаниясы жоғары дәлдіктегі және берік тырмаларды, дәл себу сепкіштерін және қатарлы сепкіштерді өндіруге маманданған
Стокгольм қ., 2025 ж. 2 қазан – Швеция Корольдік ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы академиясының (KSLA) ғимаратында Швециядағы қазақстан Елшілігі мен Академия бірлесіп ұйымдастырған қазақ-швед дөңгелек үстелі өтті. Іс-шара екі елдің мемлекеттік құрылымдарының, ғылымы мен бизнесінің өкілдерін біріктіріп, Агроөнеркәсіптік кешендегі, инновациялардағы және тұрақты ауыл шаруашылығындағы ынтымақтастықты талқылау алаңына айналды. Модератор Acanova Басқарушы директоры және KSLA мүшесі Кеннет Алнесс болды.
Отырысты ашқан академияның Вице-президенті профессор Ян Стэнлид білім мен озық тәжірибемен алмасу алаңы ретінде дөңгелек үстел өткізудің маңыздылығын атап өтіп, ғылым мен практикалық тәжірибеге негізделген ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығын дамытуға бағытталған KSLA-ның миссиясын ұсынды.
Швецияда жұмыс сапарымен жүрген ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжуреков Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі жолдауында белгіленген Қазақстанның аграрлық саясатының басымдықтарын таныстырды. Ол агроөнеркәсіптік кешен ұлттық дамудың стратегиялық драйверлерінің бірі ретінде қарастырылатынын атап өтті. Вице-министр Швед компанияларымен және ғылыми мекемелермен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделілікті білдіріп, Швецияның технологиялық көшбасшылығын Қазақстанның әлеуетімен біріктіру жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосуға қабілетті ауыл шаруашылығының тұрақты және заманауи моделін қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Швеция ауыл шаруашылығы министрінің саяси кеңесшісі Андерс Дроття өз үндеуінде Швеция Үкіметінің инновациялар, кәсіпкерлік және инвестициялар арқылы аграрлық сектордың бәсекеге қабілеттілігі мен тұрақтылығын арттырудағы басымдықтарын атап өтті. Ол халықаралық тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанның ғылыми мекемелері өкілдерінің сөздерін ерекше қызығушылықпен қадағалайтынын айтты.
Дөңгелек үстелде сөз сөйлеген Швециядағы Қазақстанның Елшісі Олжас Сүлейменов еліміз цифрландыруды, орнықты дамуды және жаһандық өндірістік және логистикалық тізбектерге интеграциялауды қамтитын өршіл жаңғырту бағдарламасын жүзеге асырып жатқанын атап өтті. Осыған байланысты жаңа жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды, сирек жер металдары саласында жоғары технологиялық жобалар іске қосылуда, жер ресурстарының бірыңғай цифрлық картасы қалыптастырылуда, Транскаспий халықаралық көлік бағыты дамуда және АЭС құрылысына дайындық жүргізілуде.
Елші экономикалық трансформациямен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2027 жылы бүкілхалықтық референдумға шығарылатын бір палаталы Парламентке көшу туралы ұсынысты қоса алғанда, саяси реформалардың жаңа кезеңіне бастамашы болғанын белгіледі.
Еуразия елдері бойынша Швеция сауда палатасының төрағасы Хайнц Шегрен АӨК-те Швеция мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты кеңейту үшін елеулі әлеуетті атап өтті. Ол саланың технологиялық дамуына елеулі үлес қоса алатын шағын және орта кәсіпорындар нарығына шығу үшін жағдай жасаудың маңыздылығын белгіледі.
Швециядағы «Kazakh Invest» ҰК-ның шетелдік өкілі Ұлбосын Сарыбаева инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларын егжей-тегжейлі таныстырып, шетелдік компаниялардың қатысуы үшін ашық Агроөнеркәсіптік кешендегі бірқатар нақты жобаларды таныстырды.
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің және Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының өкілдері жеке презентацияларымен сөз сөйледі.
Дөңгелек үстел тәжірибе алмасу, Қазақстанның әлеуетін көрсету және аграрлық саладағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын әзірлеу үшін маңызды алаңға айналды. ҚР Президентінің Жолдауында белгіленген басымдықтарды талқылау және қатысушылардың ашық диалогы агроинновация және тұрақты Ауыл шаруашылығы саласындағы өзара іс-қимылды кеңейту және бірлескен жобаларды іске асыру үшін негіз қалады.
Стокгольм қ., 2025 ж. 2 қазан – 2025 жылғы 1-2 қазан аралығында Ауыл шаруашылығы Вице-министрі Е.Тасжүреков бастаған қазақстандық делегацияның Швецияға жұмыс сапары өтті. Делегация құрамына Ауыл шаруашылығы министрлігінің, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің, сондай-ақ Қазақ ауыл шаруашылығы және Өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының өкілдері кірді.
Сапар аясында вице-министр Швецияның Ауыл шаруашылығы және инфрақұрылым министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Даниэль Лильебергпен келіссөздер жүргізді. Тараптар өзара сауданы кеңейту, ғылыми ынтымақтастықты дамыту және бірлескен жобаларды іске асыру, сондай-ақ Қазақстанның АӨК-ін цифрландыру мен жаңғыртуда швед тәжірибесін қолдану мәселелерін талқылады.
Сапардың бағдарламасында Швецияның жетекші ғылыми-зерттеу және технологиялық орталықтарымен тәжірибе алмасуға ерекше назар аударылды. Қазақстандық делегация Уппсаладағы Швеция ауыл шаруашылығы ғылымдары университетінде (SLU) болып, онда озық білім беру және зерттеу бағдарламаларымен, сондай-ақ тұрақты және экологиялық бағдарланған ауыл шаруашылығы саласындағы инновациялық шешімдермен танысты. Екі елдің бейінді жоғары оқу орындары арасында бірлескен білім беру бастамаларын іске қосу және академиялық ұтқырлықты кеңейту перспективалары талқыланды.
Сонымен бірге, сапар аясында Қазақстаннан келген делегация SLU агроэкологиялық далалық эксперименттер полигонына шығу, сондай-ақ мал шаруашылығындағы процестерді автоматтандыруға маманданған Envirologic AB компаниясының өндірістік алаңына барды.
Сапардың басты іс-шарасы Швеция Корольдік ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы академиясының тарихи ғимаратында өткен қазақ-швед дөңгелек үстеліне қатысу болды. Дөңгелек үстелдің жұмысында мемлекеттік құрылымдардың, Еуразия елдері бойынша швед сауда-өнеркәсіп палатасының, сондай-ақ швед компанияларының өкілдері қатысты. Өз сөзінде вице-министр Е.Тасжуреков Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақында ел халқына Жолдауында белгіленген Қазақстанның аграрлық саясатының басымдықтарын ұсынды. Мемлекет басшысы агроөнеркәсіптік кешенді ұлттық дамудың стратегиялық драйверлерінің бірі ретінде атап өтіп, жасанды интеллект, спутниктік мониторинг және цифрлық платформаларды фермерлік шаруашылықтарды басқару мен өнімділікті болжауға енгізу қажеттілігіне назар аударды.
Сондай-ақ, вице-министрдің Швеция ауыл шаруашылығы министрінің саяси кеңесшісі А.Дроттьямен, Väderstad (ауыл шаруашылығы техникасының жетекші еуропалық өндірушілерінің бірі) компаниясының басшылығымен, Қазақстанда ThermoSeed® тұқымдарын өңдеудің озық технологиясын енгізетін, елдер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдесетін Acanova және Trade Scandinavia басшылығымен екіжақты кездесулері өтті.
Швецияға сапар тараптардың аграрлық саладағы ынтымақтастықты тереңдетуге деген өзара қызығушылығын растады және одан әрі практикалық өзара іс-қимылдың берік негізін қалады.
Стокгольм, 2025 жылғы 8 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Швеция Корольдігіндегі Елшісі Олжас Сүлейменов Швеция Сыртқы істер министрлігінің Шығыс Еуропа және Орталық Азия департаментінің директоры Тобиас Тюбергпен кездесу өткізді.
Сұхбат барысында Қазақстан мен Швеция арасындағы екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша мазмұнды пікір алмасу өтті. Тараптар парламентаралық диалог пен сауда-экономикалық ынтымақтастықтың дәйекті даму қарқынын, сондай-ақ іскерлік орта тарапынан бірлескен жобаларды жүзеге асыруға деген тұрақты қызығушылықты ризашылықпен атап өтті.
Елші Сүлейменов Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халқына арнаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауының негізгі тезистерімен таныстырды. Ол институционалдық реформаларға, цифрлық трансформацияның стратегиялық басымдықтарына, соның ішінде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің құрылуына, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібін дамытуға басымдық берілген инвестициялық саясатқа ерекше назар аударды.
Швед тарапы Жолдауда ұсынылған саяси және экономикалық реформаларға, атап айтқанда бір палаталы Парламент құру және 2027 жылы жалпыұлттық референдум өткізу бастамасына, сирек кездесетін металдары саласында жоғары технологиялық өндірістерді іске қосу, Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту және атом электр станцияларын салу жоспарларына айрықша қызығушылық танытты.
Сонымен қатар ү.ж. мамыр айында Стокгольмде өткен қазақ-швед іскерлік дөңгелек үстелінің қорытындылары және маусымда Швеция Сыртқы істер министрлігінің Сауда саясаты жөніндегі бас директоры Камила Мелландер ханымның Астанаға жасаған сапары аясында келісілген нақты практикалық қадамдар талқыланды. Әсіресе машина жасау, тау-кен өнеркәсібі, сирек кездесетін металдары, ауыл шаруашылығы және инновациялар салаларындағы серіктестіктерді дамыту перспективаларына баса назар аударылды. Тараптар әртүрлі деңгейдегі өзара сапарларды ұйымдастыру, сауда-экономикалық өзара іс-қимылды институционализациялау тетіктерін әзірлеу, сондай-ақ шарттық-құқықтық базаны кеңейту бағытындағы мәселелерін жан-жақты қарастырды.
2025 ж. 11 тамыз, Стокгольм - Қазақстан Республикасының Швециядағы Елшілігінде Қазақстанның Елшісі О.Сүлейменов пен Қазақстандағы тағайындалған Швеция Елшісі С.Эрикссонның кездесуі өтті. Кездесу швед дипломатының өзінің дипломатиялық миссиясын бастау үшін Астанаға аттануына орай ұйымдастырылды.
Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылап, өзара іс-қимылдың өзекті бағыттары бойынша пікір алмасып, бірқатар бірлескен бастамалар жөнінде «сағаттарын салыстырды».
Қазақстан Елшісі С.Эрикссон Елшіге жауапты дипломатиялық қызметінде табыс тілеп, Қазақстан мен Швеция арасындағы достық байланыстардың одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.
2025 жылғы 30 маусым, Стокгольм – Қазақстан Республикасының Швеция Корольдігіндегі Елшісі Олжас Сүлейменов Швеция Сыртқы істер министрлігінің Сауда саясаты жөніндегі бас директоры Камила Мелландермен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар К.Мелландер бастаған өкілді швед делегациясының Астана қаласына 16-шы Халықаралық тау-кен металлургия конгресіне қатысу аясында жасаған жуырдағы сапарының қорытындыларын талқылады. Сапар барысында теміржол станцияларында өндіріс өнімділігін арттыру және қауіпсіздікті қамтамасыз ету, аэронавигация және орнықты технологиялар салаларындағы негізгі салалық ведомстволар мен ұйымдармен кездесулер өтті. Бұл өзара практикалық ынтымақтастықты тереңдетудің нақты бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.
Елші О. Сүлейменов Қазақстан Швецияны Солтүстік Еуропадағы басым экономикалық әріптестерінің бірі ретінде қарастыратынын және швед компанияларымен орнықты әрі ұзақмерзімді өзара іс-қимылға айрықша мән беретінін атап өтті. Ол К.Мелландер ханымның Астанаға сапары, сондай-ақ биылғы мамыр айында Стокгольмде өткен қазақ-швед іскерлік дөңгелек үстелі швед бизнесінің қазақстандық нарыққа деген қызығушылығының артып келе жатқанын және машина жасау, тау-кен өндіру өнеркәсібі, жаңартылатын энергетика, ауыл шаруашылығы мен IT секторы сияқты салалардағы серіктестікті кеңейтуге елеулі әлеует бар екенін айқын көрсеткенін атап өтті.
Кездесу соңында тараптар екіжақты өзара іс-қимылды жандандыруға бағытталған нақты қадамдарды, соның ішінде сапарлармен алмасу мен сауда-экономикалық диалогты институционализациялау тетіктерін пысықтау мәселелерін талқылады.