Наурыз мейрамы қарсаңында Қазақстан Елшісі Болгариядағы қазақ орталықтарына барды

Наурыз мейрамы қарсаңында Қазақстан Елшісі Болгариядағы қазақ орталықтарына барды

София, 2024 жылғы 20 наурыз – Наурыз мейрамы қарсаңында Қазақстанның Болгариядағы Елшісі Виктор Темірбаев Әулие Клемент Охридски атындағы София университетінің Қазақ тілі, тарихы және мәдени орталығы мен Әл-Фараби атындағы Ғылыми-білім беру және мәдени орталығына барып, профессор-оқытушылар құрамымен және қазақ тілін оқып жүрген студенттермен кездесті.

Кездесу барысында Елші В.Темірбаев барлық жиналғандарды Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтап, оның бейбітшілік пен жақсылықты бейнелейтінін, қуаныш пен сүйіспеншілікке толы екенін, терең философиялық мәні мен жалпыәлемдік мәдени маңызы бар екенін,
сондай-ақ бұл бірлік пен келісім, достық пен өзара сыйластықты нығайтуға ықпал ететін шын мәнінде жалпыхалықтық мереке екенін атап өтті. Осы тұрғыда, Болгарияның өзінде де 21 наурызда ұқсас мәні бар «Алғашқы көктем мерекесі» атап өтіледі.

Бұдан басқа, болгар студенттері арасында қазақ тілін үйренуді одан әрі ілгерілету мақсатында Благоевград қаласындағы болгар кәсіпкері Рашко Динковтың (Қазақстанның Құрметті консулы лауазымына үміткер) қаржылай қолдауымен қазақстандық дипломат орталықтарға жаңа ноутбук сыйлап, оқушылар арасында қазақ тіліне деген қызығушылықтың артып келе жатқанына ризашылығын білдірді.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Елші В.Темірбаев қатысушыларды Қазақстан мен Болгарияның жоғары білім саласындағы ынтымақтастығы аясындағы басымдықтар мен міндеттер туралы,
сондай-ақ Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы хабардар етті.

Кездесу соңында қазақстандық дипломат алдағы мерекелермен тағы да құттықтап, профессорларға табысты жұмыс және студенттерге оқуда сәттілік тіледі.  

 

Қазақ тілі, тарихы және мәдениеті орталығы 2015 жылдың наурыз айында Әулие Клемент Охридски атындағы София университетінің Түркология және алтаистика кафедрасында ашылды.

Әл-Фараби атындағы Ғылыми-білім беру және мәдени орталығы 2018 жылғы 4 қазанда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Әулие Клемент Охридски атындағы София университеті арасында қол қойылған келісім негізінде құрылды.

Аталған орталықтардың негізгі мақсаттары - қазақ мәдениетін тарату, Болгария азаматтарын еліміздің бай мәдени мұрасымен таныстыру, қазақ тілін үйренуді қолдау және Қазақстан мен Болгарияның білім беру мекемелері арасындағы ынтымақтастықты дамыту.